Эвересттің солтүстік қыратында отыз жылға жуық уақыт бойы альпинистерге өзіндік бағдар болып келген «Жасыл бәтеңке» (Green Boots) лақап атты марқұмның нақты тұлғасы анықталды. Жарты әлемге мәлім болған мүрде 1996 жылғы алапат боранда қаза тапқан үндістандық альпинист, шекара сақшысы Дордже Моруп болып шықты. Енді Үндістан тарапы оның сүйегін сегіз жарым мың метрлік биіктіктен жерге түсіріп, отбасына табыстау үшін қауіпті құтқару миссиясын дайындап жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Отыз жыл бойғы жаңылыс дерек және жаңа сараптама
Әлемнің ең биік шыңына Тибет жағынан шығатын альпинистер 8 500 метр биіктіктегі шағын әктасты үңгірді айналып өте алмайтын. Осы үңгірдің ішінде бүк түсіп, жанынан жасыл тау шаңғы бәтеңкесі жарқырап жатқан альпинистің денесі 1996 жылдан бері тау тарихындағы ең танымал трагедияның символына айналды. Ұзақ жылдар бойы кітаптар мен деректі фильмдерде бұл марқұм жиырма сегіз жастағы шекарашы Цеванг Палджор деп айтылып келген еді.
Алайда Үнді-тибет шекара полициясы қызметтік жазбаларды, экспедицияның тірі қалған мүшелерінің естеліктерін және ДНҚ сараптамасының деректерін салыстыра келе, «Жасыл бәтеңкенің» ефрейтор Дордже Моруп екенін ресми түрде жариялады. 1996 жылдың 10 мамырындағы тарихи боранда бұл құраманың үш мүшесі – Дордже Моруп, Цеванг Палджор және Цеванг Сманла бірдей із-түзсіз жоғалған болатын.
«Ажал аймағынан» сүйек түсіру: үлкен қатер мен этикалық тартыс
Сегіз мың метрден жоғары биіктік альпинизмде «ажал аймағы» деп аталады. Мұнда оттегі шектен тыс аз, қақаған суық пен сұрапыл жел адам ағзасын санаулы сағатта әлсіретіп жібереді. Отыз жыл бойы мұзға қатып қалған мәйітті тасты құз бен тік соқпақтар арқылы төменге алып түсу өте қауіпті әрі физикалық тұрғыдан аса ауыр міндет.
Америкалық тәжірибелі альпинист және Эверест зерттеушісі Алан Арнетт миссияның күрделі сипатына тоқталды.
«Оның сүйегін төменге алып түспек болғаны жақсы, бірақ бұл сұмдық қиын әрі қауіпті тапсырма болғалы тұр», – деді Алан Арнетт.
Тау шыңдарындағы қайғылы оқиғалар жиі қоятын басты сауал бар: қаза тапқан адамның денесін алып шығу үшін тірі құтқарушылардың өмірін қатерге тігу қаншалықты орынды? Әрбір шерпа мен альпинист үшін бұл биіктіктегі кез келген қосымша салмақ – өмір мен өлім арасындағы шекара.
Миссия мерзімі және туыстарының үміті
Үндістанның құқық қорғау органдары мәйітті түсіру бойынша арнайы тендер жариялаған. Оған тәжірибелі шерпалардың үлкен тобы тартылмақ. Экспедиция бастапқыда биылғы жылдың күзіне жоспарланғанымен, солтүстік бағыт Тибеттің құзырында болғандықтан, Қытай тарапының рұқсатын рәсімдеуге байланысты шара 2027 жылдың сәуір-мамыр айларына шегерілді.
Дордже Моруп табиғаты қатал Ладакх таулы өңірінде дүниеге келген. Ол туған жеріндегі биік қырқаларды күзетіп, ең үздік альпинистер қатарында шыңға ұмтылған еді. Оның жақындары мен туыстары отыз жылдан кейін болса да батыр ұлдарын туған топырағына жеткізіп, лайықты арулап жерлеу күнін күтіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







