«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жүргізушісі бар көліктерді бес жылға жалға алу бойынша жалпы құны 4,2 млрд теңгеге жуық қомақты үш лоттан тұратын ашық тендер жариялады. Нарықтағы бағамен есептегенде шамамен 200 жаңа жеңіл көліктің (мәселен, Toyota Camry) құнына пара-пар бұл қаржы Маңғыстау облысындағы кен орындарына қызмет көрсетуге бағытталмақ, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған тапсырыс «ҚазМұнайГаз» құрамындағы сервистік кәсіпорын — «Oil Services Company» ЖШС қажеттіліктері үшін рәсімделген. Байқау шарты бойынша әлеуетті мердігер 2027 жылдың қаңтарынан бастап 2031 жылдың желтоқсанына дейінгі аралықта үздіксіз қызмет көрсетуге тиіс. Өтінімдерді қабылдау 2026 жылдың 9 қарашасында басталып, 16 қарашаға дейін жалғасады.
Үш лот бойынша 34 темір тұлпар
Сатып алу құжаттарында көлік жалдау қызметінің жалпы сомасы қосылған құн салығынсыз (ҚҚС) 4 192 930 967,95 теңгені құрайды. Тендер ресми түрде үш негізгі позиция ретінде көрсетілгенімен, оның техникалық ерекшелігіне сәйкес тапсырыс берушіге жалпы саны 34 арнайы автокөлік қажет екені анықталды.
Үш лоттың жалпы құны – 4 192 930 967 теңге. Бұл қаржыға бес жыл бойы Жетібай мен Қаламқас кен орындарында, сондай-ақ Маңғыстаудағы өндірістік базаларда жүргізушісі бар 34 пикап тәулік бойы қызмет көрсетуі тиіс.
Қаржының бөліну құрылымы мынадай бағыттарды қамтиды:
- Қаламқас кен орны – 14 автокөлік. Бұл тендердегі ең ірі лот саналады және оған шамамен 1,95 млрд теңге қарастырылған;
- Жетібай кен орны – 8 автокөлік. Аталған бағыт бойынша қызмет көрсетуге 1,54 млрд теңге көзделген;
- Маңғыстау өңіріндегі өзге де нысандар – «Oil Services Company» кәсіпорнының инфрақұрылымы үшін 12 көлікке 693,1 млн теңге бөлінген.
Көліктер мен жүргізушілерге қандай талап қойылды?
Тапсырыс беруші көліктердің сапасына қатаң талаптар қойып отыр. Атап айтқанда, жеткізілетін көліктер пикап үлгісіндегі, толық жетекті (4х4), қозғалтқыш көлемі кемінде 2 600 текше сантиметр әрі қуаты 160 ат күшінен төмен болмауы шарт. Сондай-ақ қызмет көрсету мерзімі басталған уақытта көліктердің зауыттан шыққанына 5 жылдан аспауы, Қазақстанда ресми тіркелуі және маусымдық дөңгелектермен толық жабдықталуы міндеттелген.
Бұл көліктер мұнайшылар мен техникалық персоналды қала мен кен орны арасында тасымалдауға, өндірістік алаңдар ішіндегі шұғыл сапарларға, қажет болса қалааралық күрделі жолдарға үздіксіз шығуға пайдаланылады. Осы себепті техника іс жүзінде демалыссыз жұмыс істейді.
Қауіпсіздік пен қаржыны қатаң бақылау
Шарт жобасына сәйкес жүргізушілер қауіпсіз көлік айдаудың халықаралық стандарттары (Defensive Driving – OPITO, ROSPA, IOGP) бойынша арнайы курстан өтуі және қысқы қауіпті жағдайларда көлікті басқару сертификатына ие болуы керек. Сондай-ақ әрбір жолаушы орынына «Қорғау» бағдарламасының арнайы QR-коды орнатылады.
Әрбір техника нақты уақыт режімінде GPS арқылы бақыланады. Бақылау құрылғысын өз бетінше сөндіруге немесе оған араласуға қатаң тыйым салынған, ал келісім мерзімі біткенде бағыт тарихы толығымен тапсырыс берушіге өткізіледі.
Сонымен қатар тапсырыс беруші миллиардтаған қаржының жұмсалуын бақылаудың жаңа тетіктерін енгізген. Мердігер компания жұмсалған ақшаны жай ғана жол парақтарымен жауып қоя алмайды. Әр айдың 20-сына дейін жүргізушілер мен қызметкерлердің жалақысын, төлем тапсырмаларын және жұмыс уақыты табелін растайтын құжаттарды есеп ретінде ұсынып отыруға міндеттеледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







