Ағымдағы жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Барлық тұтынушылар электр және жылу энергиясымен толық көлемде қамтамасыз етілген. Технологиялық бұзушылықтар нормативтік мерзімдерде жойылуда, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дайындық жұмыстары аясында Жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес ағымдағы жылы электр станцияларында 9 энергия блогын, 55 қазандықты және 51 турбинаны жөндеу жоспарланған.
Бүгінгі таңда 8 энергия блогын, 49 қазандықты және 37 турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталды.
Тұтастай алғанда, еліміздің энергия көздерінде қажетті жабдықтар құрамы қамтамасыз етілген. Қалған барлық жөндеу жұмыстары резервтік жабдықтарда жүргізілуде және жылыту кезеңінің өтуіне әсер етпейді.
Өңірлік электр желілік компаниялардың электр желілерінде жалпы ұзындығы 17,1 мың км электр беру желісін және 444 кіші станцияны жөндеу жұмыстары немесе жоспардың 100% аяқталды.
Сонымен қатар, 377 км жылумен жабдықтау желісін жөндеу жұмыстары толық көлемде орындалды.
Қаржыландыру көлемі және тозу деңгейі
Аталған жөндеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі орта есеппен 27% ұлғайтылғанын атап өткен жөн.
Атап айтқанда, электр станцияларын жөндеуге бөлінген қаржы көлемі 384 млрд. теңгеге, электр желілерін жөндеуге – 393 млрд. теңгеге және жылу желілерін жөндеуге – 198 млрд. теңгеге дейін артты. Нәтижесінде электр станцияларының тозу деңгейі 52% дейін, электр және жылу желілерінің тозу деңгейі тиісінше 65,7% және 48% дейін төмендеді.
Сондай-ақ өткен жылмен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны орта есеппен 6% эазайды. Бұл көрсеткіш электр станцияларында 8% төмендеген.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың 10 айында электр энергиясын өндіру көлемі 102 млрд. кВт·сағатты құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2,3% жоғары.
Ағымдағы күзгі-қысқы кезеңде ең жоғары жүктеме 18 200 МВт-қа жетеді деп болжануда. Бұл өткен жылыту маусымындағы ең жоғары көрсеткіштен 3% артық.
Отын қоры және дебиторлық берешек мәселесі
Энергия көздерінің отын қоймаларында 5,8 млн тонна көмір және 137 мың тонна мазут жинақталды. Барлық станциялар отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етілген.
Министрлік 255 мың тонна көлемінде «әлеуметтік» мазут жеткізу кестесін бекітті. Мазутты жөнелту ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап жүргізілуде. Осыған байланысты өңірлердің әкімдіктеріне аталған кестенің орындалуын жеделдету қажет.
Сіздің тапсырмаңызға сәйкес дебиторлық берешекті азайту жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Бүгінгі таңда жалпы берешек көлемі 11% төмендеп, 72 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар бірқатар жүйелі шаралар әзірленді. Атап айтқанда, берешекті өтеу кестелері бекітілді. Сондай-ақ жыл соңына дейін әкімдіктер энергия көздері алдындағы дебиторлық берешекті өтеу бойынша шаралар қабылдайтын болады.
Жоғарыда аталған шаралардың барлығы энергия көздерінің жеткізілген газ үшін берешегін едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыс жалғастырылатын болады.
Халықты көмірмен қамтамасыз ету
Халықты көмірмен қамтамасыз ету мақсатында Министрлік жанында барлық мүдделі тараптардың қатысуымен Республикалық штаб жұмыс істеуде.
Жалпы, ағымдағы жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірге қажеттілігі 7,3 млн. тоннаны құрайды. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға – 1,6 млн. тонна, халыққа – 5,7 млн. тонна.
Есепті күнге өңірлерде 4,5 млн. тонна көмір дайындалды, бұл жалпы қажеттіліктің 62% құрайды.
Осыған байланысты, әкімдіктер коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халық үшін көмір қорын дайындауды қамтамасыз етіп, өңірлерде жасанды дүрбелеңнің туындауына жол бермеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс.
Өңірлердегі жылу желілерін реконструкциялау
Жазғы кезеңде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында барлық өңірлерде жылу желілерін реконструкциялау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.
Атап айтқанда, Степногорск қаласында 53 жыл бойы қолданыста болған, ұзындығы 9,5 км жылу желісі реконструкцияланды.
Сондай-ақ Талдықорған қаласында бірінші кезең аясында 46 жыл бойы қолданыста болған, ұзындығы 3,5 км қаланың негізгі жылу магистралі реконструкцияланды.
Петропавл қаласында 1980 жылдан бері қолданыста болған жалпы ұзындығы 4,3 км жылу магистральдарының екі учаскесі реконструкцияланды.
Сонымен қатар Қарағанды қаласында тозу деңгейі 81% құрайтын, диаметрі 1020 мм жылу магистралін реконструкциялау жұмыстары аяқталды.
Аталған жобалардың барлығында отандық өндірістен шыққан заманауи энергия тиімділігі жоғары алдын-ала оқшауланған құбырлар қолданылды. Бұл халықты жылумен жабдықтау сенімділігін арттыруға және салынып жатқан нысандарды қосу үшін қажетті резервті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Электр желілерін жаңғырту және алдағы міндеттер
Осындай жұмыстар өңірлік электр желілерін реконструкциялау бағытында да жүргізілді.
Атап айтқанда, ағымдағы жылы Астана қаласында ұзындығы 14 км тарату электр желілері реконструкцияланды. Аталған желілерге 30 мыңнан астам абонент қосылған.
Сонымен қатар, Қарағанды облысында екі ауқымды жоба іске асырылды. Атап айтқанда, «Жосалы» қосалқы станциясын реконструкциялау аясында сыртқы қондырғының жиынтық тарату құрылғысы ауыстырылды. Нәтижесінде тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз етудің резервтік схемасы жасақталды. Тозу деңгейі 92% болған Қарағайлы әуе электр беру желісінің барлық электр техникалық жабдықтары толық ауыстырылды.
Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында әуе электр беру желілерінің бірқатары реконструкцияланды. Жоғарыда аталған электр желілерін реконструкциялау барысында тозуға төзімді, жоғары температураға есептелген заманауи сымдар қолданылды. Бұл халықты электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға және электр энергиясын тұрақты беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Ағымдағы жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету мақсатында Министрлік келесі іс-шаралардың орындалуын ұйымдастырды:
- электр станцияларындағы жөндеу жұмыстарын аяқтау;
- энергетикалық ұйымдарда материалдар мен жабдықтардың авариялық қорын қалыптастыру, сондай-ақ авариялық бригадалардың толық жасақталуын қамтамасыз ету;
- энергия көздерінде отынның нормативтік қорының тұрақты деңгейін сақтау.
Құрметті Олжас Абайұлы, Энергетика министрлігі ағымдағы жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыратын болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







