Ресейдің Самара облысындағы мұнай инфрақұрылымына жасалған дрон шабуылынан соң «Атырау — Самара» магистральды құбыры арқылы қазақстандық мұнай тасымалдау уақытша шектелді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шектеудің себебі мен жағдайдың мән-жайы
Мұнай айдау 2 қараша күні Астана уақытымен таңғы сағат 06:09-да тоқтатылған. Энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікпаева Самара өндірістік-диспетчерлік торабының нысандарына ұшқышсыз ұшу аппараттарымен соққы жасалғанын хабарлады.
«Самара өндірістік-диспетчерлік торабының нысандарына дрон шабуылы жасалды. Осыған байланысты 2 қарашада Астана уақытымен таңғы сағат 06:09-да «Атырау — Самара» магистральды құбыры арқылы мұнай тасымалдау уақытша тоқтатылды», – деді Әсел Серікпаева.
Қазір тиісті қызметтер техникалық құрылғылардың жай-күйін тексеріп, инфрақұрылымға келген зақымды бағалап жатыр. Қазақстан тарабы аталған бағыт бойынша мұнай қабылдау жақын арада қайта жанданатынын жеткізді. Мұнай-газ саласындағы дереккөздер жөндеу және бағалау шаралары жедел аяқталса, құбыр жұмысы сол күні кешке қарай қалпына келуі мүмкін екенін білдірген.
Ресми ақпарат пен бейресми деректер
Самара облысының губернаторы Вячеслав Федорищев өңір аумағында ұшқышсыз аппараттар шабуылына тойтарыс берілгенін хабарлады. Алайда ол нысанаға ілінген нақты өндірістік нысандарды жарияламады. Ресей Қорғаныс министрлігінің дерегінше, түн ішінде елі бойынша 212 дрон тоқтатылған. Қауіпсіздік шараларына байланысты Самара қаласындағы халықаралық әуежайда 10-нан астам рейс кейінге шегерілді.
Бейресми ақпарат көздері соққы «Транснефть» жүйесіндегі Просвет кенті маңында орналасқан «Самара» желілік өндірістік-диспетчерлік станциясына тигенін жазуда. Кейбір желілік арналарда өрт шыққаны айтылғанымен, бұл жайтқа ресми растау берілген жоқ. Қазақстанның Энергетика министрлігі де нақты қандай станцияның зақымданғаны туралы түсініктеме бермеді. Бұл торап бұған дейін қазан айында да дрон нысанасына іліккен болатын.
«Атырау — Самара» құбырының экспорттағы салмағы
«Атырау — Самара» бағыты — еліміз үшін көлемі жағынан екінші орында тұрған стратегиялық экспорттық дәліз. Ұзындығы 700 шақырымға таяйтын бұл құбыр «Өзен — Атырау — Самара» желісіне кіреді. Оның Қазақстан аумағындағы бөлігіне «ҚазТрансОйл», ал көрші елдегі жалғасына «Транснефть» компаниясы жауап береді.
«Атырау — Самара» бағытымен қазақстандық шикізат Ресей желісіне құйылып, Балтықтағы Усть-Луга айлағына, Қара теңіздегі Новороссийск портына және «Дружба» құбырымен еуропалық бағытқа жеткізіледі.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында осы дәліз арқылы шамамен 7,5 миллион тонна мұнай жөнелтілген. Ал 2022 жылы құбырмен 9,4 миллион тонна экспортталған еді. Сондықтан тасымалдың уақытша тоқтауы отандық мұнай өндірушілерге ғана емес, қазақстандық мұнайды күтіп отырған сыртқы нарықтағы серіктестерге де белгілі бір дәрежеде әсер етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







