Қазақстанда ғылымды қаржыландыру саласында 51 миллиард теңгенің қаржылық заңбұзушылығы мен 47 миллиард теңге көлеміндегі бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану деректері әшкереленді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов мемлекеттік қазынадан бөлінген қыруар қаржының мақсатты жұмсалмағанын, ал грант үлестіретін кеңестерде тікелей мүдделер қақтығысы орнағанын жайып салды.
Миллиардтар қалай желге ұшты?
Аудиторлық палатаның тексеру нәтижелері соңғы жылдары ғылым саласы бюджет қаражатын соратын қара құрдымға айналғанын көрсетіп берді. Мемлекет тарапынан ғылымға бағытталған қаржы көлемі 122 миллиард теңгеден 262 миллиард теңгеге дейін екі есеге жуық өскенімен, одан нақты экономика мен өндіріске келген қайтарым мардымсыз.
Тексеріс қорытындысында мынадай сорақы фактілер анықталды:
51 миллиард теңге тікелей қаржылық заңбұзушылыққа ұшыраған;
47 миллиард теңге тиімсіз жоспарланып, қажетсіз шығындарға кеткен;
16 миллиард теңге көлемінде нақты шығындар мен жіберіп алынған пайда тіркелген;
Жоспарланған 393 ғылыми тапсырманың 149-ы мүлдем орындалмай, 67 миллиард теңге нәтижесіз қалған.
Бұған қоса, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу бағыты да тығырыққа тірелген. Коммерцияландыруға берілген 141 жобаның небәрі 27 пайызы ғана соңғы үш жылда нақты өнім шығарып сата алған. Қалған жобалар қағаз жүзіндегі есеп күйінде шаң басып қалды.
«Өздеріне өздері грант үлестірген»
Аудит барысында Ұлттық ғылыми кеңестердің шешім қабылдау тетігінде шектен шыққан ашықтықтың жоқтығы анықталды. Тәуелсіз болуға тиіс бұл алқалы органдар мемлекет ақшасын бөлуде жеке таныстық пен корпоративтік мүддеге жол берген.
Әлихан Смайылов комиссия мүшелерінің грант қаражатын өз ұйымдарына бағыттау арқылы ашық сыбайластыққа барғанын мәлімдеді. Аудиторлық палата жетекшісі мемлекеттік қолдаудың нақты кімдердің пайдасына шешілгенін ашық айтты.
«Ұлттық ғылыми кеңестердің шешім қабылдау үдерісінде тікелей мүдделер қақтығысы орын алған. Кеңес мүшелері өздерінің ұйымдары мен жақындарының жобаларына қаржы бөлдірген. Мұндай тәсіл отандық ғылымның дамуына емес, қаржының шектеулі топ арасында бөліске түсуіне жол ашты», – деді Әлихан Смайылов.
Көптеген жас әрі білікті ғалымдар қаржы таппай жүрген кезде, кеңес мүшелері миллиардтаған гранттарды өз институттары мен таныс орталықтарына ойланбастан үлестіріп отырған.
Аудиттің салдары және құқық қорғаушылардың араласуы
Тексеру қорытындысы бойынша аудиторлар 36 дерек бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды. Сондай-ақ қылмыстық сипаттағы аса ірі заңбұзушылық фактілері Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданды.
Қазір бірқатар жобалар бойынша тергеу амалдары басталып, жауапты лауазымды тұлғалардың заң алдындағы жауапкершілігі қаралуда.
Зертханаға емес, қалтаға кеткен қаржы
Отандық ғылымның басты дерті — нәтижеге емес, процесс пен қаржыны игеруге ғана негізделген ескі кеңестік жүйеде жатыр. Мемлекет қазынасынан бөлінген қыруар қаражат заманауи ғылыми зертханалар құруға, халықаралық патенттер алуға немесе отандық өнертабыстарды зауыттарға енгізуге жұмсалмаған.
Керісінше, бюджет ақшасы шетелдік демалыс сапарларына, мағынасыз конференциялар мен бір-біріне сілтеме жасаған пайдасыз мақалаларды шетелдік «жыртқыш журналдарда» жариялауға шашылған. Ғылым саласы ықпалды академиктер мен жоғары лауазымды шенеуніктердің өз арасында қаржы бөлісетін жабық жемсауына айналған.
Ендігі қоғам талабы — анықталған заңбұзушылықтар қағаз жүзіндегі есеппен ғана жабылмай, халық қазынасын талан-таражға салғандардың аты-жөнін ашық жариялау. Миллиардтарды желге шашқан жауапты тұлғалар мен ғылыми пысықайлар мемлекетке келтірілген шығынды толық қайтарып, нақты қылмыстық жазаға тартылуы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







