Украинада SpaceX компаниясының Starlink жүйесі Ресей агрессиясына тойтарыс беруде маңызды рөл атқарады. Ресейде оның баламасы – «Рассвет» спутниктік байланыс жүйесі жұмыс істеп тұр. Ол орбитаға 30 аппарат шығарған. Салыстыру үшін айтсақ, Starlink-тің 11 200-ге жуық спутнигі бар. Украиналық HIMERA компаниясы мен даниялық GomSpace өз байланыс жүйесін құратынын жариялады, қазірше Obria Nano – алғашқы спутник, барлығы 245 аппарат ұшыру жоспарланған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«30 дана спутниктен Starlink сияқты жүйе құра алмайсың, бірақ «Рассветке» де, украиналық жобаға да жаһандық қамту қажет емес. Оларға Украина аумағын, ал украиналық жүйе үшін Ресей аумағының бір бөлігін қамту жеткілікті», – деп түсіндіреді «DW Утро» бағдарламасында ғарыштану насихаттаушысы, сарапшы Виталий Егоров.
Ресей спутниктерінің мүмкіндігі мен шектеулері
Ресейлік спутниктер «ұшып жүр және өз міндеттерін орындауға қауқарлы». «Тәулік бойы болмаса да, майдан шебінің үстінде ондаған минут бойы тұрақты байланыс орната алады, бұл нысанаға бағыттау, бақылау және ақпарат беру үшін жеткілікті», – дейді сарапшы. Сонымен қатар, санкциялар мен бөлшектердің тапшылығы Ресейге «Рассветті» дамытуға кедергі келтіріп отырғанын Егоров атап өтті.
«Мұны спутниктері бар 10 зымыран ұшырғысы келіп, бірақ екеуін ғана ұшырғанынан, ал үшіншісі қашан ұшатыны белгісіз екенінен байқауға болады. Бөлшектердің қайдан алынатыны туралы мәлімет жоқ. Өндіріс көлемі жағынан артта қалғанына қарағанда, жағдай тым мәз емес. Бірақ олар қажетті биіктікті иеленді, сондықтан «Рассветте» бәрі нашар деп айтуға болмайды», – деді сарапшы.
Сарапшының пікірінше, украиналық бастама ресейлік жобадан кейіндеп келеді: «Теориялық тұрғыдан бұл сондай жүйе, бірақ олар бұл іске кешігіп кірісті. Тіпті «Рассвет» деңгейіне жету үшін үш жыл – өте оптимистік мерзім, одан да көп уақыт кетуі мүмкін».
Еуропаға төнген қауіп және ғарыштағы соғыс
Бұған дейін Financial Times газеті 2027 жылға қарай «Рассвет» Еуропа аумағындағы дрондарды басқара алады деген қауіп барын хабарлаған еді. Егоровтың айтуынша, мұндай қауіп қазірдің өзінде бар. «Әзірге «байланыс терезесінің» ұзақтығы біршама қысқа. Бірақ бұл спутниктер қазірдің өзінде Украинаның да, Польшаның да және басқа (Еуропа) елдерінің де үстінде бірнеше ондаған минуттық байланысты қамтамасыз ете алады», – дейді ол.
Виталий Егоров қақтығысушы тараптар бір-бірінің спутниктерін атып түсіре бастайтын ғарыштағы соғысты көз алдына елестете алмайды, бірақ «техникалық тұрғыдан мұндай мүмкіндіктер бар» екенін ескертеді. Сарапшының пікірінше, қазір Ресей үшін ғарышта соғыс бастау Жерде өзіне үлкен проблема тудыру деген сөз.
«Егер ғарышта спутник жарылса, оның сынықтары ұзақ уақыт бойы залал келтіріп, үздіксіз қауіп төндіреді. Яғни спутникті атып түсіру арқылы өзіңе де, одақтастарыңа да проблема тудырасың. Ресей Үндістан мен Қытайды дос елдер деп санайды, ал олардың төмен орбитада спутниктері бар», – деп атап өтті Виталий Егоров.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







