Қазақстанда 16 жасқа толмаған жасөспірімдердің әлеуметтік желілерде дербес аккаунт ашуына заң жүзінде толық тыйым салуды көздейтін түзетулер әзірленді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Құрылтай мінберінде талқыға түскен жаңа заң жобасы балаларды интернеттегі зиянды контенттен, психологиялық қысым мен кибербуллингтен қорғауды көздейді.
Министрдің уәжі: жасөспірімдердің назары сабақта болуы тиіс
Құрылтайдағы брифинг барысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуін шектеу бастамасы Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан дайындалғанын атап өтті. Тиісті нормалар онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарға енгізілмек.
Министр жасөспірімдердің психологиясы әлі толық қалыптаспағанын, олардың негізгі уақыты сапалы білім алуға арналуы қажеттігін алға тартты. Ведомство басшысы желідегі ақпарат ағынының тым көбейіп кеткенін, оның ішіндегі теріс контентті бақылау мүмкін болмай бара жатқанын жеткізді.
«Шектеулерге келетін болсақ, 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салынады. Біз контенттің моральдық бағытын ешкім қадағалап отырмағанын көріп отырмыз. Заңға қайшы контентті анықтағанда Бас прокуратура 24 сағаттың ішінде оны өшіру туралы талап қоя алады. Бірақ қазір ақпарат ағыны өте үлкен, оны бақылау қиын», – деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Дегенмен әзірленіп жатқан шектеу мессенджерлерге, яғни жедел хат-хабар алмасу қосымшаларына қолданылмайды. Тыйым негізінен TikTok, Instagram сынды танымал платформаларды қамтиды.
Жасты қалай анықтайды: Face ID және балалар SIM-картасы
Жаңа талаптың қалай жүзеге асатыны қоғамда үлкен сұрақ туғызды. Үкімет басшысының бұған дейінгі ресми жауаптарына сәйкес, желіге тіркелушінің жасын анықтау үшін жасанды интеллект негізіндегі бет-бейнені тану (Face ID) технологиясы қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ қолданушының қараған видеолары, жазылған топтары мен аккаунттағы белсенділігі де сараланады.
Оған қоса мемлекет балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Мұндай карталар арқылы кәмелетке толмағандардың телефондарына қауіпті әрі заңсыз сайттарды автоматты түрде бұғаттайтын арнайы сүзгілер қойылмақ.
Аталған тәжірибе әлемнің көптеген елінде қолданысқа ене бастады. Мысалы, Аустралия мен Франция 15–16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні шектейтін қатаң заңдар қабылдап үлгерді.
Кибербуллингтен қорғау ма, әлде цифрлық бақылау ма?
Бастаманың мақсаты ізгі болғанымен, оның айналасындағы күмән аз емес. Әлеуметтік желідегі құмар ойындардың жарнамасы, қауіпті топтар, суицидке үндейтін ойындар мен жасөспірімдердің бір-бірін қорлап жазатын кибербуллинг дерті бүгінде отбасылардың үрейін ұшырып отырғаны рас. Бұл тұрғыдан алғанда, мемлекеттің араласуы қажетті қадамдай көрінеді.
Алайда сарапшылар тек заңмен шектеу қою мәселені шешпейтінін айтады. Технологияны жақсы меңгерген қазіргі жасөспірімдер туған жылын жалған көрсетіп, VPN қызметтерін пайдаланып немесе ата-анасының атына ашылған парақшалар арқылы желіге бәрібір кіре алады.
Екінші жағынан, балаларды қорғау желеуімен азаматтардың жеке басын міндетті цифрлық верификациялауға көшіру желідегі жалпылама сүзгіден өткізуге және цифрлық бақылауға жол ашпай ма деген қауіп бар. Әлеуметтік желіні балалардан біржола жауып тастағаннан гөрі, олардың медиасауаттылығын көтеріп, мектеп пен отбасындағы қарым-қатынасты түзеу әлдеқайда маңызды болып қала береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







