Шымкентте алғаш рет Folk Show музыкалық жобасы көрерменге жол тартты. Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған үш сағаттық концерт қазақтың күйлерін, әлемдік хиттерді және танымал фильмдер мен сериалдардың саундтректерін бір арнаға тоғыстырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дәстүр мен заманауи үндестік
Сахнада «Шымкент концерт» концерттік ұйымының Қазақ халық аспаптары оркестрі және жоба авторы, қобызшы әрі дирижер Әділет Азбаев өнер көрсетті. Бағдарламада қазақтың ұлттық аспаптары еуропалық және электронды аспаптардың үнімен шебер үйлесім тапты.
«Жобаның басты ерекшелігі – әртүрлі еуропалық және электронды аспаптарды қазақтың ұлттық аспаптарымен тоғыстыруында. Бағдарламада әлемдік хиттер, шетелдік музыкалық туындылар мен саундтректермен қатар, төл қазақ әуендері мен күйлері орындалады», — деді Әділет Азбаев.
Музыкант өз жобасы арқылы қобыздың әртүрлі жанрда қалай құбыла алатынын көрсетуді көздейді. Азбаев бұл көне аспапта дәстүрлі туындыларды ғана емес, заманауи композицияларды, кинофильмдердің әуендерін орындап, тіпті табиғат дыбыстарын да таңғажайып шеберлікпен жеткізеді.
Репертуар және гастрольдік география
Концерт бағдарламасына Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқыны», Нұрлан Бекеновтің «Орақты батыр» туындылары және Батырхан Шүкенов әндерінен құралған попурри енді. Музыкалық кеш Құрманғазының рухты күйі «Адаймен» қорытындыланды.
«Шымкентте бұл концерт тұңғыш рет қойылып отыр, сондықтан біз оны ерекше қызығушылықпен әрі зор шабытпен қабылдадық», — деп атап өтті Қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері Жамбыл Мейірбеков.
Оның айтуынша, концерт бұрыннан жоспарланып, «Шымкент концерт» басшылығының қолдауымен Тәуелсіздік мерейтойына орай шымкенттік көрермендерге арнайы ұсынылған.
Шымкентке дейін Folk Show концертін Астана, Алматы, Орал, Ақтөбе, Петропавл, Қызылорда, Өскемен және Қарағанды қалаларының көрермендері тамашалады. Жалпы жоба аясында 30-ға жуық концерт өтті. Ұйымдастырушылар мұндай заманауи формат жастардың қазақ музыкалық мәдениетіне деген қызығушылығын арттырып, қалың көпшілікті ұлттық аспаптардың кең мүмкіндіктерімен тереңірек таныстырады деп сенеді. Айта кетейік, келер жылы Folk Show жобасы өзінің бес жылдығын атап өтеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







