Шымкент қаласындағы Өзбек драма театрында мектеп оқушыларына арналған «Туған күн» атты интерактивті қойылым көпшілік назарына ұсынылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәдени іс-шараға 350 оқушы қатысып, сахналық туындының белсенді кейіпкеріне айналды. Балалар ертегі кейіпкерлерімен бірге текшелердегі әріптерден сөздер құрастырып, қызықты сұрақтарға жауап берді және түрлі тапсырмаларды орындау бойынша өзара сайысқа түсті.
Өнер ордасында өткен танымдық кеште ең белсенді қатысушыларға театр қойылымдарының желісі бойынша жарық көрген арнайы кітаптар сыйға тартылды.
Аталған тәрбиелік мәні зор қойылымды тамашалауға қаладағы № 113 мектептің шәкірттері де арнайы келді. Ұстаздар ұжымы балалардың театрға деген ықыласы ерекше екенін жеткізді. Мұғалім Сәбира Нармурзаеваның айтуынша, оқушыларға сахнадағы көріністі жай ғана тамашалап қоймай, оның барысына тікелей араласып, оқиғаның бір бөлшегі болу ерекше ұнаған.
– Мұндай интерактивті формат балалардың қызығушылығын арттырып, олардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін оятуға зор септігін тигізеді, – деп санайды ұстаз Сәбира Нармурзаева.
Спектакльдің басты кейіпкері сегіз жасар Жавохир. Өзінің туған күнінде ол барлық балалар сияқты түрлі заманауи ойыншықтар алуды армандайды. Алайда тосынсыйға толы қорапшадан ойыншықтың орнына кітаптар шыққанда, баланың көңілі қалып, сыйлықтан бас тартады. Осыдан кейін өрімдей баланы алда үлкен сынақ күтіп тұр еді. Басынан кешкен оқиғалар мен қиындықтар арқылы Жавохир кітаптың жай ғана зат емес, адам өміріндегі нағыз баға жетпес қазына екенін түсінеді.
Бұл сахналық туынды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқитын ұлт» бастамасын қолдау мақсатында арнайы қойылды. Театр ұжымы осы қойылым арқылы өскелең ұрпаққа кітаптың адам өмірінде алатын маңызды орнын көрсетуді көздеген. Қойылымның режиссері Жавлон Сайитовтың айтуынша, өнер иелері мемлекеттік бастаманы осындай жас көрерменнің жүрегіне жол табатын әсерлі хикаялар арқылы насихаттап, белсенді қолдай алады.
Өзбек драма театры 2003 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Осы кезең ішінде өнер ұжымы 24 театр маусымын өткізіп, балалар мен ересектерге арналған 115 спектакльді сахналаған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







