Бұрын ұзақ қашықтыққа саяхаттау тек дәстүрлі жанармаймен жүретін көліктердің еншісінде саналса, қазіргі таңда электромобильдер инфрақұрылымы бұл түсінікті түбегейлі өзгертті. Әсіресе Supercharger қуаттау бекеттері желісі мен көлікке орнатылған интеллектуалды бағдарламалар алыс жолдың логистикалық ауыртпалығын жеңілдетіп келеді. Дегенмен күнделікті қала ішіндегі қозғалысқа қарағанда, тасжолға шығар алдында көліктің негізгі жүйелерін дұрыс баптап алу аса маңызды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
BGR басылымының сарапшысы Эндрю Моррисей ұзақ жолға шығуды жоспарлаған кез келген Tesla иесі назар аударуы тиіс төрт маңызды баптауды атап өтті.
Trip Planner: Бағытты жоспарлау және батареяны дайындау
Tesla навигациясына кіріктірілген сапар жоспарлаушы (Trip Planner) – көліктің басты функцияларының бірі. Жүргізуші баратын жерін енгізген сәтте, жүйе жол бойындағы бедердің өзгеруін, ауа температурасын, кептелістерді және Supercharger бекеттерінің бос немесе бос еместігін автоматты түрде есептеп, оңтайлы бағыт түзеді.
Бұл мүмкіндіктің ең үлкен артықшылығы – батареяны алдын ала дайындауында. Көлік Supercharger бекетіне жақындап қалғанын навигация арқылы сезіп, батареяны жоғары жылдамдықта қуаттауға лайықты температураға дейін алдын ала қыздырады. Мұндай алгоритм қуаттау бекетіндегі уақытты айтарлықтай қысқартуға көмектеседі.
Қуат индикаторын қашықтық көрсеткішіне ауыстыру
Tesla иелері экранда батарея қалдығын пайызбен немесе шақырыммен көрсетуді өз қалауынша таңдай алады. Қала ішінде көлікті пайыздық көрсеткішпен жүргізу үйреншікті болғанымен, тасжолда бұл тәсіл ыңғайсыздық тудыруы мүмкін.
Жол белгілеріндегі қашықтықтар мен навигация шақырым бойынша берілетіндіктен, батарея көлемін де қашықтық өлшеміне ауыстырған дұрыс. Бұл жүргізушінің жақын маңдағы қалаға немесе қуаттау бекетіне дейін жете алар-жетпесін артық есеп-қисапсыз бірден аңғаруына жол ашады. Сарапшы бұл баптауды экрандағы «Energy» қосымшасы арқылы өзгертуге болатынын және онда көлік жүргізу дағдысына қатысты пайдалы кеңестер де бар екенін еске салады.
«Батарея қалдығын пайызбен емес, нақты қашықтықпен көрсету жол бойындағы белгілермен үйлесіп, жүргізушінің назарын жолдан бөлмей, сапарды сенімді жоспарлауына септігін тигізеді», – деп жазады сарапшы.
Online Routing: Кептелісті айналып өтуге арналған желілік бағыттау
Навигация баптауларындағы «Online Routing» функциясы нақты уақыт режіміндегі жол жағдайын бақылап отырады. Бұл баптау бұрын бармаған белгісіз өңірлерде немесе көлік қозғалысын болжау қиын ірі қалаларға кірген кезде өте тиімді.
Алайда сарапшылар бұл баптауды жол жағдайына қарай қосып немесе өшіріп отыруды ұсынады. Себебі кейде жүйе қала ішіндегі шағын кептелістен қашамын деп, жүргізушіні айналма жолдарға бағыттап, жүрілген жолды негізсіз ұзартып жіберуі мүмкін.
Driver Profiles: Кезектесіп рөлге отыратындарға арналған бейіндер
Ұзақ сапарда шаршамау үшін бірнеше жүргізушінің рөлге кезектесіп отырғаны абзал. Tesla мультимедиалық жүйесі бірнеше жүргізушінің жеке бейінін (Driver Profiles) есте сақтай алады.
Бейінді бір рет баптап қойсаңыз, орындықтың орналасуы, рөлдің биіктігі, бүйірлік айналардың бұрышы, ауа баптағыш температурасы, жарық режимдері және тіпті автопилотқа қатысты дербес таңдаулар автоматты түрде реттеледі. Рөлге жаңа адам отырған кезде экрандағы бір ғана батырманы басу арқылы барлық баптауды сол адамға бейімдеуге болады, бұл қолмен реттеуге кететін уақытты үнемдейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






