Шымкенттік суретші Айман Тельқожаева отыз жылдан астам уақытын кескіндеме мен шәкірт тәрбиелеуге арнаған. Қазір өнер иесі ұлттық өрнекті заманауи материалдармен үйлестіріп, қаланың креативті индустриясын дамытуға үлес қосып жүр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Айман Тельқожаева шығармашылық жолын классикалық кескіндемеден бастаған. Ол портрет пен бейнелеу өнерін меңгеріп, көркемсурет мектебінде сабақ берген. Қазір жинақтаған тәжірибесін сәндік-қолданбалы өнермен ұштастырып отыр.
Шебер кейінгі жылдары ағаш, акрил бояуы, табиғи тас және эпоксид шайырымен жұмыс істеуге ден қойған. Осы материалдарды қазақтың ою-өрнегімен үйлестіріп, сырға, алқа, тұмар, білезік, кәдесый және тұрмыстық сәндік бұйымдар жасайды. Әр туындыда ұлттық нышан сақталғанымен, пішіні мен түсі қазіргі тұтынушының талғамына бейімделеді.
Айман Тельқожаева шығармашылық еңбекті тұрақты кәсіпке айналдыру үшін Shymkent Creative Hub орталығында жеке шеберхана ашқан. Мұнда жаңа топтама әзірлеп, дайын бұйымдарын таныстырады және қала тұрғындарына шеберлік сабағын өткізеді.
Оның этностильдегі өнімдері өз сатып алушысын тауып, Шымкенттің креативті ортасында танымал бағытқа айналып келеді. Шебер кәсіпті тек өнім сатумен шектемейді. Ол балалар мен ересектерге ағашты өңдеу, бояу, эпоксид шайырын құю және ұлттық өрнекті дұрыс орналастыру тәсілдерін үйретеді. Қазір оның жанында оннан астам жас тәлім алып, жасаған бұйымдарын көрме мен байқауға ұсынып жүр.
2026 жылғы тамызда Айман Тельқожаева Creative Hub алаңында авторлық тұмар жасау сабағын өткізді. Қатысушылар ағаш, тас пен шайырды пайдаланып, өз талғамына сай бірегей әшекей әзірледі. Осындай сабақтар ұлттық қолөнерді музейлік мұра ретінде ғана емес, күнделікті өмірде қолданылатын заманауи өнім ретінде танытады.
Шымкент әкімдігі шеберге қолдауды креативті инфрақұрылым арқылы көрсетіп отыр. Қала қолдауымен ашылған хабта оған шеберхана, көрме өткізу, өнімін таныстыру және тұрғындарды оқыту мүмкіндігі берілген. Креаторлар қалалық жәрмеңкелерге, фестивальдер мен сәндік-қолданбалы өнер көрмелеріне қатыса алады. Әкімдіктің осындай қолдау тетігін қол еңбегін тұрақты табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік беріп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







