Шымкентте Венгрияның дәстүрлі өнеріне, мәдениеті мен ұлттық киіміне арналған «Матьо — венгр халқының ұлттық киімдері» атты көрме ашылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Мұнда келушілердің назарына екі ғасырға жуық тарихы бар ұлттық киімдердің ерекшеліктері, түрлі-түсті ою-өрнектер мен қайталанбас гүл мотивтері ұсынылды.
Салтанатты шараға Венгрияның Алматы қаласындағы бас консулы Саболч Карой Сёке арнайы қатысты.
Матьо қолөнері алғаш рет Венгрияның Мезёкёвешд қаласы мен оның төңірегінде қалыптасқан. Оның басты ерекшелігі — қанық түстердің үйлесімі, күрделі гүл композициялары және ұлттық кестенің ең танымал элементі саналатын дәстүрлі матьо раушан гүлі. Бірнеше ұрпақ бойы шеберлер осы өрнектерді сақтап, қолөнердің қыр-сырын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді.
Көрменің ашылуында сөз сөйлеген Венгрияның Алматыдағы бас консулы Саболч Карой Сёке ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, венгр мәдениетін шымкенттіктерге таныстырудың маңызына тоқталды.
– Осы көрмені ашуға берілген мүмкіндік үшін алғыс білдіремін. Бұл тамаша экспозиция әрі венгр мәдениетінің нағыз мерекесі. Шымкентте бұл көрмеге деген қызығушылық жоғары болады деп ойлаймын. Біздің елдеріміз бір-біріне туыстай жақын, деді дипломат.
Аталған шара Қазақстан мен Венгрия арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі нығайту жолындағы тағы бір маңызды қадам болды. Шымкент қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділхановтың айтуынша, мегаполис халықаралық қарым-қатынастарды, соның ішінде венгриялық қалалармен байланысты дәйекті түрде нығайтып келеді.
– Көрме Венгрия елін таныстырып, оның дәстүрімен қауыштырады. Бүгінде Шымкент пен Венгрия арасындағы қатынас қарқынды дамуда. Шымкент – Будапешт тікелей әуе рейсі ашылған, Шымкент пен Дебрецен арасындағы бауырластық байланыстар нығаю үстінде. Мұндай мәдени іс-шаралар алдағы уақытта бізде де, Венгрияда да жалғасын табады, – деп атап өтті Бексұлтан Әділханов.
Ұлттық киімдер көрмесі Шымкент тұрғындары мен қонақтарына венгр халқының бай тарихы мен тұрмыс-салтын тереңірек тануға, көне қолөнердің қыр-сырын көруге және дәстүрлі кестенің заманауи мәдениетте қандай мәнге ие екенін білуге мол мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







