Шымкентте ұлттық гобелен өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан суретші Батырбек Өтептің 80 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғалымдар мен өнертанушылар шебердің шығармашылық мұрасын, ұлттық мәдениеттегі орны кеңінен талқылады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Батырбек Өтептің шығармашылық мұрасы: дәстүр сабақтастығы және заманауи көркемдік ізденістер» тақырыбындағы жиын суретшінің туындылары қойылған көрменің ашылуымен басталды. Экспозицияға оның әр кезеңде жасаған 30-дан астам жұмысы ұсынылды. Келушілер гобелендер арқылы шебердің шығармашылық ізденісімен, ұлттық ою-өрнекті қолдану ерекшелігімен және өзіндік көркемдік қолтаңбасымен танысты.
Өзбекстандағы Низами атындағы Ұлттық педагогикалық университеттің доценті, өнертанушы Дилноза Туланова Батырбек Өтеп шығармашылығы қазақтың сәндік-қолданбалы өнері тарихында айрықша орын алатынын атап өтті.
– Суретші өз туындыларында қазақ халқының бай дәстүрін жеке көркемдік көзқарасымен үйлестіре білді. Оның мұрасы Қазақстан үшін ғана емес, тұтас түркі мәдени кеңістігі үшін де құнды. Осындай конференциялар шебердің еңбегін терең зерттеп, жинақталған тәжірибені жас ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді, – деді өнертанушы Дилноза Туланова.
Салтанатты рәсім барысында суретшінің жұбайы Бибайша Өтеповаға шығармашылық мұраны сақтауға қосқан үлесі үшін алғыс айтылып, Мұхтар Әуезов атындағы төсбелгі табысталды. Сонымен қатар «Өнерге арналған ғұмыр» кітабының тұсауы кесілді.
– Батырбектің шығармалары әлі де зерттеушілердің, суретшілер мен жастардың қызығушылығын тудырып отырғаны отбасымыз үшін маңызды. Ол бүкіл ғұмырын өнерге арнап, гобелен арқылы ұлттық дәстүрдің сұлулығын ашуға тырысты. Мұрасына құрметпен қарап, еңбектерін зерттеп жүрген азаматтардың барлығына ризамын, – деді Бибайша Өтепова.
Конференцияға Қазақстанмен бірге Ресей және Өзбекстан ғалымдары қатысты. Секциялық отырыстарда қазақ гобеленінің қалыптасуы мен даму жолы, тоқыма өнеріндегі дәстүр сабақтастығы және тұлғаның эстетикалық мәдениетін қалыптастырудағы өнердің рөлі талқыланды. Халықаралық жиын Батырбек Өтеп мұрасын ғылыми тұрғыда зерделеп, ұлттық гобелен мектебін жаңа буынға танытуға жол ашты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







