Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры 98-театр маусымын ашты. Осыған орай көрерменге танымал әндердің авторы, композитор Ержан Серікбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «О, қала» спектаклінің премьерасы ұсынылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ержан Серікбаев отандық музыка өнеріне 70-тен астам ән қалдырған. Оның шығармалары қазақ эстрадасының алтын қорына еніп, бірнеше буынның сүйікті әніне айналды. Жаңа қойылым композитордың өмір жолын, өнерге адалдығын және ұлттық музыка мәдениетіне қосқан үлесін сахна тілімен баяндайды.
Спектакльдің негізіне Арыс қаласында басталған махаббат хикаясы, берік достық, адами адалдық пен музыканттың шығармашылық ізденісі алынған. Сахнадан композитордың кеңінен танылған әндері шырқалып, көрермендер кейбір туындыларды актерлермен бірге орындады. Таныс әуендер буындар арасындағы рухани байланысты ашып, залға ерекше әсер сыйлады.
Театр директоры Дархан Балажановтың айтуынша, шығармашылық ұжым композитор туралы қойылым әзірлеу идеясын бір жылдан астам уақыт ойластырған. Дайындық барысында Ержан Серікбаевтың туыстарымен, достарымен кездесіп, оның өміріне қатысты деректер мен естеліктер жинақталған.
– Жаңа маусымды дәл осы премьерамен ашуды жөн көрдік. Негізгі мақсатымыз – көрерменге жарқын әсер сыйлап, қазақ музыкасына өшпес мұра қалдырған композиторды тағы бір мәрте еске салу. Қойылымды дайындау кезінде оның жақындарының естеліктеріне ерекше мән бердік, – деді театр директоры.
Драматург Қазыбек Аманжол жазған пьесаны режиссер Әли Бидахмет сахналады. Қойылымға Ержан Серікбаевтың көпшілікке жақсы таныс 18 әні енгізілген.
– Қазіргі жастар композитордың әндерін біледі әрі сүйіп тыңдайды. Алайда олардың авторы кім екенін үнемі біле бермейді. Сондықтан қойылымның басты міндетінің бірі – көрерменді Ержан Серікбаевтың тұлғасымен және шығармашылық мұрасымен жақынырақ таныстыру, – деді режиссер.
Шанин театры жаңа маусымда тағы бірнеше премьера ұсынуды жоспарлап отыр. Солардың бірі ұлттық мәдениет пен руханияттың дамуына зор үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен қызметіне арналмақ. Театр ұжымы жаңа қойылымдар арқылы тарихи тұлғалардың мұрасын сахна төрінде жаңғыртты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







