Шымкентке келген саяхатшыларға қаланың көрікті орындары туралы ақпарат іздеуге уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Мегаполисте QR-навигация жүйесі мен жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін онлайн-гид енгізілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазақстанның туризм саласына соңғы екі жылда 2, 2 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. 2023 жылы салынған қаржы көлемі 787, 3 миллиард теңге болса, 2025 жылы 1, 25 триллион теңгеге жеткен. Жылдық өсім 32, 6 пайызды құрады. Инфрақұрылымның жаңаруы туристер санына да оң әсер етіп, былтыр елге 15, 7 миллион шетел азаматы келген.
Шымкентте де негізгі туристік көрсеткіштер жақсарып келеді. Қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділханов орналастыру орындарының саны 11 пайызға өскенін айтты. Қонақүй бөлмелері 19, 4 пайызға, төсек-орын саны 26 пайызға артқан. Туристер ағыны 8, 3 пайызға көбейген.
Қала тарихына қызығушылық танытқан саяхатшылар Шымкентке көршілес мемлекеттерден ғана емес, алыс құрлықтардан да келіп жатыр. АҚШ-тан келген Мейсон Мур шаһар ортасындағы көне цитадельдің ауқымы мен тарихи атмосферасына ерекше әсерленген.
«Заманауи қаланың дәл ортасында осындай үлкен тарихи қамалдың сақталғаны таңғалдырды. Бірнеше ғасыр бұрынғы кезеңге тап болғандай күй кешесің. Қазақтың қолөнері, тарихи ескерткіштері мен тұрғындардың қонақжайлығы да көңілімнен шықты», – деді турист Мейсон Мур.
Қаланың тарихи және сәулет нысандары маңына арнайы QR-кодтар орнатылған. Саяхатшы смартфон камерасын кодқа бағыттап, аудиогидті тыңдай алады. Сервис көрнекті орынның тарихы мен ерекшелігі туралы толық мәлімет береді. Цифрлық навигация қажетті нысанды оңай тауып, қаланы гидтің көмегінсіз аралауға мүмкіндік береді.
Туристік гид Берік Досалиевтің айтуынша, биыл Шымкентке әлемнің шамамен 60–70 елінен қонақ келген. Саяхатшылардың бір бөлігі қаламен өз бетінше танысуды жөн көреді. QR-жүйе осындай туристерге қажетті ақпаратты жедел ұсынады.
Қазақстанда табиғи туризмді дамыту жұмысы да жалғасуда. Іле Алатауындағы теңіз деңгейінен 2250 метр биіктікте орналасқан Көкжайлау шатқалы жыл бойы жаяу саяхаттауға қолайлы бағыт саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







