Депутат Ерлан Саиров Украинада тұрып жатқан журналист Айдос Садықовқа жасалған шабуылға қатысты пікір білдіріп, елдегі олигархиялық топтарды сынға алды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желідегі «Бәсе» арнасының авторы Айдос Садықов Киевте белгісіз адамдардың шабуылына ұшыраған болатын. Қазір ол Украинада босқын мәртебесімен тұрып жатыр. Қазақстан билігі Садықовты биыл қазанда ұлтаралық және әлеуметтік алауыздық тудырды деген айыппен халықаралық іздеуге жариялаған еді. Киевтегі оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде бұл қастандықтың артында Қазақстан билігі тұруы мүмкін деген түрлі болжамдар тарады.
Депутат Ерлан Саировтың айтуынша, Президент Тоқаев бұл істің ашық әрі жан-жақты тергелуіне тапсырма берген, қазір іс Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Оның үстіне екі күдіктінің бірі Қазақстанда ұсталған.
«Айдос Садықовтың тезірек сауығып кетуіне тілекшіміз. Әрбір азаматымыздың өмірі біз үшін қымбат. Қазір бұл оқиға ақпарат құралдарының назарында. Қазақстанда ұсталған күдікті құқық қорғау органдарына өз еркімен келіп түсініктеме берген. Артынша ол уақытша ұстау изоляторына қамалған», – деді депутат Abay Live арнасына берген сұхбатында.
Саировтың сыртқы күші кімдер?
Оның сөзінше, қазіргі күрделі геосаяси жағдайда бұл шабуылды сыртқы күштер де өз мақсаттарына пайдалануға мүдделі болуы мүмкін.
«Қазақстанның Украина мен Ресей арасындағы қақтығысқа байланысты ұстанымы көп елге ұнамайды. Біз Батыс елдерінің санкциясын қолдамасақ та, қазір соны ұстанып отырмыз. Сонымен қатар Қазақстан Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын бірнеше рет ашық мәлімдеді. Бірақ кейбір сыртқы күштер елімізді осы жанжалға тартып, жағдайды өз мүдделеріне пайдаланғысы келеді», – деді Саиров.
Депутат осы оқиғаның ішкі саясатпен байланысы болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Оның айтуынша, Қазақстанда соңғы жылдары капиталды қайтару процесі қарқынды жүріп жатыр. Бұған дейін елдің экономикасын меншіктеп алған Назарбаев әулеті мен олигархиялық топтардың активтері қайта тексерілуде.
«2019 жылға дейін Қазақстан үкіметі Назарбаевтың отбасы мен белгілі бір олигархтардың ғана мүддесі үшін экономикалық шешім қабылдады. Мысалы, Еуразиялық топ, «Қазцинк» сияқты компаниялар 5 жылдың ішінде 8,2 триллион теңге дивиденд алған. Ал одан үкіметке не түсті? Бұл туралы нақты ақпарат жоқ», – деді депутат.
Құлыбаевқа тықыр таяды ма?
Саировтың сөзінше, капиталды қайтару науқаны кейбір ықпалды топтардың мүддесіне қайшы келіп жатыр. Сондықтан олар түрлі жолдармен қарсылық білдіруде.
«Жақында ғана Ерлан Атамқұлов деген азамат Тимур Құлыбаевтың өзінен 30 миллион доллар бопсалағаны туралы мәлімдеді. Осы уақытқа дейін Құлыбаевты олигарх деп келдік, енді нақты қылмысқа қатысы бар екені айтылды. Бопсалау ауыр қылмыс, қазір прокуратура осы мәселемен айналысуда. Мұндай істер көп. Олигархиялық топтар осындай тексерулерді тоқтатқысы келеді. Ол үшін билікті ауыстыруға дейін баруы мүмкін», – деп мәлімдеді Саиров.
Депутат олигархтардың осындай қадамдарға баруынан сақ болуды және құқық қорғау органдарынан барлық тергеу амалдарын барынша ашық әрі жария түрде өткізуді талап етті.
«Бұл іс – еліміздің халықаралық беделімен тікелей байланысты маңызды мәселе. Сондықтан тергеудің ашық әрі әділ өтуін Мәжіліс депутаттары тікелей бақылауда ұстайды. Бұл – Президенттің нақты тапсырмасы», – деді Ерлан Саиров.

