Жазушы, драматург Дулат Исабеков экс-президент Назарбаевтың ел басқарған кездегі жетістігі мен қателігі жөнінде өткір пікір білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жазушының айтуынша, Назарбаевтың дәуірінде билікпен шындық үшін жиі тартысып қалған кездері аз болмаған. Ол бұрынғы президентпен үлкен дау болып, тіпті Назарбаев оны сотқа беруге дейін барғанын айтты.
«Шындықты айтсаң, халыққа жағасың, билікке жақпайсың. Назарбаевқа қатысты үлкен мақала жаздым. Оның кабинетінде екеуміз қатты салғыластық, мені сотқа беремін деді. Кейін татуластық.
Бірде Лондонда менің пьесам қойылатын болды. Ал Назарбаев соған арнайы шақырып, бұрынғы өкпе-назды ұмытып, «Қазақ пьесасын Қазақстандағы орыс театрлары қоймаған кезде, сенің туындың Лондонда сахналанғанына қуаныштымын» деп, швейцариялық сағатын беріп, құрметпен шығарып салды. Нұрекеңнің әдебиетті түсінетін, оқитын жақсы қасиеті бар еді», – деді Исабеков «Күлтөбе» арнасына берген сұхбатында.
Назарбаевтың ең үлкен олжасы
Жазушы Назарбаевтың басты жетістігі қазақ шекарасын бекітіп бергені екенін айта келіп, алайда оған қатысты айтылып жүрген миллиардтар туралы қауесет рас болса, кешірілмейтін қателік екенін жеткізді.
«Назарбаевтың ең үлкен олжасы қазақ шекарасын шегендегені. Украинаның қайғысы – шекарасын анықтап, бекітпегенінде.
Біздің шекарамызды енді ешкім бұза алмайды, ондай әрекет жасалса, соңы азаматтық соғысқа ұласады. Дегенмен, Назарбаевтың Қазақстанның байлығын иемденіп кетті деген қауесет бар. Халық 200 миллиард доллары бар деп айтады.
Қазақстанның бір жылдық бюджеті 4 миллиард доллар, яғни елдің жарты байлығы бір адамда деген сөз. Егер рас болса, бұл кешірілмейтін күнә. Өз басым бұған сенгім келмейді», – деді Исабеков.
Жазушы Назарбаевпен осы мәселе туралы бірнеше рет сөйлескенін де еске алды.
«Онымен Лондонға барар жолда да сөйлестік. Қазақстан байлығы талан-таражға түсіп жатқанын айттым. «Әбілязов сияқты адамдар 10 миллиард долларды алып шетелде жүр, оларды қайтару керек қой. Менде 100 миллион доллар болса да, не істерімді білмес едім», дедім. Сол кезде ол да «менде де 100 миллион доллар бар» деп қалды. Сонда 10 миллиард доллары бар адамдар оны қайда жаратады? Шетелдік банктерде жататын ақшаны жинағаннан не пайда?» – деген жазушы қанағатсыздық қазақ қоғамының дертіне айналғанын да ашық айтты.
Екіжүзділіктің сипаты қандай?
Исабеков бұрын Назарбаевты мақтап поэма жазып, енді сынға алып жүрген адамдарды екіжүзді деп бағалады.
«Ол кезде мақтап өлең арнағандар қазір сынап жатыр. Бұл – таза екіжүзділік. Әсіресе, ақындарға ренішім көп. Тоталитаризмді жасаған сол ақындар. Мен сол кезде де мақтап пікір айтқан емеспін», – деді ол.
Сонымен қатар Исабеков саясаткер Заманбек Нұрқаділов туралы да пікір білдірді.
«Заманбекпен бетпе-бет те сөйлестім. Бірақ оның мінезі өткір еді, осы мінезінен өзі де зардап шекті. Саясатта өте сақ болуың керек. Ашық сөйлесемін деп биліктегі адамның жеке басына тікелей тиісуге болмайды. Ол Назарбаевқа тіке шабуыл жасады. «Екеуміз танымалмыз, кел айтысайық» деген сияқты. Президентке бұлай айту – үлкен қателік. Ашық кеткен адамды құрту оңай. Заманбек пен Алтынбекті ашық кеткені үшін құртып жіберді. Қолында билік бар адаммен саясатты мақтамен бауыздағандай жүргізу керек», – деп түйіндеді ойын жазушы.
Бұған дейін біз Назарбаевтың сенімді серігіне рақымшылық жасамағанын егжей-тегжейлі жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

