Мәсімов пен Әбләзовқа жақтасқан АҚШ сенаторы 222 жылға сотталуы мүмкін. Бұл туралы Fragment арнасы жазды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Нию-Йорктің федералды соты сенатор Роберт «Боб» Менендесті (демократ) жемқор деп таныды. Fragment мәліметінше, сенаторға 16 пункт бойынша айып тағылып, барлығы да дәлелденді. Соның ішінде Мысыр пен Қатар билігінің пайдасына пара алу, сот төрелігіне кедергі келтіру және бопсалау секілді ауыр айыптар бар. Менендес «шетел агенті» ретінде сотталған алғашқы Әмерика сенаторы болмақ. Пара есебіндегі құны 100 мың доллардан асатын алтын құймалар мен 480 мың доллар қолма-қол қаражатты қалтасына басқан
«Менендес 222 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сенатордың мұртын майлағандар оның әйелінің де көңілін аулап, қымбат көлікті (Mercedes-Benz) сыйға тартқан», — деп жазылған деректе.
«Менендес ісі» Қазақстан үшін неге маңызды?
«Саясатты пайда табу көзіне айналдырған сенатор бір кездері атышулы Әбләзов пен әзір абақтыда жатқан Кәрім Мәсімовке де араша сұраған еді. 2019 жылы Менендес «Әблязовпен байланысы бар делінген бизнесмен Ескендір Ерімбетовті» абақтыдан босатуды сұрап президент Тоқаевтың атына хат жолдаған. Ерімбетовты сылтау қылған сенатор Әбләзовқа қарсы ақпараттық науқанды тоқтатуды талап еткен. Сол тұстары бірқатар шетелдік басылымдар «хат Әбләзовпен әріптестікте әзірленген» деген ақпар таратқан. Тоқаевқа жолданған хатта Мұхтармен аффирленген «Ашық диалог» қорының аты аталуы тегін емес. 2022 жылы Менендес бастаған бір топ сенатор Қаңтар трагедиясын халықаралық деңгейде тергеуді талап етіп, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетін алқымнан алған. Бірқатар инсайдерлер Менендестің тіпті АҚШ Мемхатшысына дейін қысым жасағанын хабарлаған», — деп жазады Fragment.
Сонымен қатар, арна дерегінше БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі бір ғана дереккөзге сүйеніп, доклад жасайды. Доклад басынан-аяғына дейін Кәрім Мәсімовке арналады.
«Кеңес «қазақ билігі КНБ-ның экс-төрағасын дереу босатуы тиіс» деген ұйғарымға келеді. Мәсімовтің ақтыда аш-жалаңаш жатқанына акцент берген доклад авторлары Қаңтар трагедиясының құрбандары туралы ауыз ашпайды. Қаңтар оқиғасынан кейін «мемлекетке опасыздық жасады», «билікті басып алуға оқталды» және «қызмет өкілетін асыра пайдаланды» деген айыппен 18 жылға сотталған Мәсімов күні кеше өзін кешіруді сұрап президенттің атына өтініш жазған. Тоқаев Кәрімді кешірмеді… Мәсімов сенатор Менендестің екі туып, бір қалғаны емес. Қаңтарды желеу етіп, «мұрттыға» ара түскен сенатор әлгі әрекеті үшін қомақты сыйақы алғаны анық», — деп жазылған деректе.
Айта кетейік, мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті басып алуға тырысқаны үшін сотталған ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке рақымшылық жасаудан бас тарту керек деген шешіммен Тоқаев келіскен еді.
Бұл тұста Президент әкімшілігі сотталған Мәсімовке рақымшылық жасау туралы өтінішін 27 маусымда ҚР Президенті жанындағы Рақымшылық жасау мәселелері жөніндегі комиссия қарағанын атап өтті.