Президент Тоқаев 28 қазанда Құрылтай отырысында «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын, жаһандық геосаяси ахуалды және алдағы стратегиялық межелерді саралады. Жиынға Құрылтай өкілдері, Үкімет мүшелері, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары мен қоғам қайраткерлері қатысты.
«Қауқарсыздық пен күту тарихи жеңіліспен тең»
Президент күрделі геосаяси жағдайда ел тәуелсіздігі мен бірлігін сақтау басты міндет болып қала беретінін қадап айтты. Әлемде өзара сенім дағдарысы ушығып, халықаралық ұйымдардың пәрмені әлсіреген шақта Қазақстан ішкі тұрақтылық пен заң үстемдігін нығайтуы қажет.
«Біздің алдымызда бір үлкен мақсат тұр — әділ, қуатты, таза, ілгерішіл Қазақстанды құру. Заман сын-қатерлеріне берілер бір ғана дұрыс жауап — Қазақстанның болашақ сәулетін қалыптастыра отырып, стратегиялық озаттық режимінде жұмыс істеу», – деді Президент Тоқаев.
Мемлекет басшысы реформалар нәтижесінің басты өлшемі қарапайым азаматтардың тұрмыс сапасы екенін атап өтті. Осы себепті стратегиялық бағыттың өзегі ретінде әділеттілік қағидаты белгіленді.
Экономикалық көрсеткіштер және Ұлттық қор қаражаты
Мемлекет басшысы еліміздің макроэкономикалық жетістіктеріне де назар аударды. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтамақ. Ал оның жан басына шаққандағы мөлшері 19 мың доллардан асады. Осы көрсеткіштің арқасында ел экономикасы көлемі жөнінен әлемде 47-орынға көтеріледі.
Жоспарланған инфрақұрылымдық бастамаларды қаржыландыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделген. Оның ішінде 1,5 триллион теңге биыл және келесі жылдың алғашқы айларында әлеуметтік маңызы бар бастамаларға бағытталады.
«Халықтық құрылыс» және қалаларды кешенді дамыту
Жолдаудың ең өзекті бөліктерінің бірі — елімізде ауқымды «Халықтық құрылыс» бастамасын жариялау болды. Жоба аясында өңірлерде газ желілері тартылып, таза ауыз су мәселесі шешіледі әрі коммуналдық шаруашылық желілері жаңартылады. Сонымен бірге жолдар, мектептер, спорт кешендері және оңалту орталықтары салынады.
«Аталған бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтиды, оның игілігін тұтас халқымыз, әсіресе өскелең ұрпақ көреді деп кәміл сенемін», – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.
Президент Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп әрбір ірі қаланың орта және ұзақ мерзімді даму жоспарын бекітуді тапсырды. Қала ресурстарын тиімді басқару үшін инженерлік және көлік инфрақұрылымының «цифрлық сыңары» жасалмақ. Бұл қадам қалаларды қауіпсіз әрі қолайлы етуге және «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын нақты жүзеге асыруға жол ашады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






