Азамат Сатыбалды «Қазақфильм» төрағасы қызметінен кететіні туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Актердің киностудиямен арадағы келісімшартты ұзартқысы келмейтіні туралы мәлімет БАҚ-та жарияланды. Сатыбалдының өзі қазір халықаралық киножобаға түсу мақсатымен Қытайда жүр.
Алайда Мәдениет және ақпарат министрлігі әлгі ақпаратты жоққа шығарып, Сатыбалдының қызметтен кетпегенін мәлімдеді.
Азамат Сатыбалды «Қазақфильмді» басқарғалы киностудия айналасындағы дау-дамай көбейген.
Парламент депутаттары кино өндірісіне бөлінген миллиардтаған қаражаттың тиімсіз жұмсалуын сынға алған еді. 2016-2022 жылдар аралығында «Қазақфильмге» мемлекет бюджетінен 14,5 млрд теңге қаржы бөлінгенімен, шығынның тек 4,8 пайызы ғана ақталған.
Жақында киностудиямен байланысты тағы бір жанжал бұрқ етті. «Алтын адам» анимациялық фильмінің қызметкерлері жеті ай бойы жалақы алмағандарын айтып, наразылыққа шықты. Кейін киностудия басшылығы аниматорлардың жалақысы толық төленетінін жеткізген еді.

