Париж Олимпиадасына қатысты тағы бір дау шықты. Кеше триатлоннан әйелдер арасындағы бәсеке өтті. Олимпиадаға Қазақстан атынан спортшы Екатерина Шабалина қатысқан болатын. Дегенмен Шабалинаның жолы болмады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Өкінішке қарай, ол жарысты толық аяқтай алған жоқ. Жүзуден 55-орын алған ол велокезең кезінде жарысты жалғастырудан бас тартты», — деп хабарлады olympic.kz.
Дереккөздер Шабалинаға қатысты бұл жайттың себебін оның улануымен байланыстырды.
Ресейлік Telegram арналар Шабалинаның Олимпиададағы сәтсіздігін сынай күліп, «Қазақстан үшін боққа баттың» деп айыптап жатыр. Өйткені спортшы бұған дейін азаматтығын ауыстырған. Деректерде оның Париж Олимпиадасына қатысу үшін Қазақстан азаматтығын қабылдағаны айтылады. Биылғы жазғы Олимпиададан кейін теннисшілер — Рыбакина мен Путинцеваның әрекетіне қазақстандықтардың ғана өкпесі қара қазандай емес екені, ресейліктердің де Шабалинаға өштесіп қалғаны байқалды.
Мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан құрамасынан Олимпиадаға қатысқан Екатерина Шабалина, расында да, өзен суына тұншығып, жүзіп біткенше лоқсып шыққан. Ал канадалық 29 жастағы триатлоншы Тайлер Миславчук тікелей эфирде құсқан. Кейін өзі «10 рет құсқанын» айтты.
«Олимпиадаға үздік ондыққа кіру үшін ғана келген жоқпын, бірақ қолымнан келгеннің бәрін жасадым. 10 рет құсып тастадым, бірақ ештеңеге өкінбеймін», — деді Миславчук.
Екатеринбургтің тумасы, Қазақстан құрамасының мүшесі Екатерина Шабалина да жағдайы нашар екеніне шағымданды.
«Триатлон — байланыс спорты, төрешілерге жүзу кезеңінде «жекпе-жекті» қадағалау өте қиын. Басымнан бірнеше рет соққы алғаннан кейін, Сенаның суына тұншығып қалдым, осылайша қалған уақыттың барлығында лоқси бердім. Велосипед кезеңінің бірінші айналымынан кейін құсып тастадым», — деді ол Sport24 басылымына.
Спортшыға дәрігерлер дәрі жазып берген.
Сена өзенінде жүзгеннен кейін триатлоншылар ауыра бастағаны туралы ақпарат қызу талқыланып жатыр. The New York Post мәліметінше, жүрек айнуы өзеннің лас суынан да, жарыстан кейінгі шаршаудан да болуы мүмкін.
Бұған дейін Халықаралық триатлон одағы медициналық делегаттармен бірге Париждегі Сена өзенінен судың сынамасын алып, нәтижеге риза болмаған. Енді бір деректерде Париж Олимпиадасының басталуына аз уақыт қалғанда Сена өзенінде ішек таяқшасы және басқа да бактериялардың концентрациясының шектен тыс деңгейі анықталғаны айтылады. Бұл жайт ұйымдастырушыларды тоқтатпаған.
Айта кетейік, Франция үкіметі Сена өзенін тазартуға 1,5 миллиард доллар жұмсаған.