Ұлттық банк ішкі валюта нарығында шетел валютасының шамадан тыс ұсынысы байқалуына байланысты Ұлттық қор қаражатымен жасалатын операцияларды айналауды (зеркалирование) уақытша кейінге қалдырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Валюта ұсынысы тым көбейіп кетті
Реттеуші қыркүйек айында аталған тетік шеңберінде нарыққа шамамен 200–300 миллион доллар көлемінде валюта шығаруды жоспарлаған еді. Алайда биржадағы қалыптасқан жағдайға байланысты бұл шешімді шегеру ұйғарылды.
Бас банк бұл қадамды бағамның күрт құбылуына жол бермеу ниетімен түсіндірді.
«Валюта нарығында ұсыныстың артық болуына байланысты бұл операциялар кейінге қалдырылды. Олардың алдағы уақытта іске асуы нарықтық конъюнктураны ескере отырып, бағам серпінін іргелі факторларға сай қамтамасыз ету және теңгенің алыпсатарлық күрт өзгеруін болдырмау негізінде айқындалады», – деп мәлімдеді Ұлттық банк.
Теңге нығайып, биржадағы сауда өсті
Қыркүйек айының қорытындысы бойынша ұлттық валюта АҚШ долларына шаққанда 4,6%-ға нығайып, 440,49 теңгеге дейін жетті. Бұл кезеңде финреттеуші нарыққа тікелей араласпаған және валюталық интервенциялар жасамаған.
Қазақстан қор биржасындағы (KASE) белсенділік те біршама жоғарылады. Орташа күндік сауда-саттық көлемі 415 миллион доллардан 474 миллион долларға дейін ұлғайып, айлық жалпы көрсеткіш 10,4 миллиард долларды құрады.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансферттерді қамтамасыз ету мақсатында өткен айда биржада 200 миллион доллар сатылды. Бұл бүкіл сауда көлемінің небәрі 1,9%-ын немесе күніне орта есеппен 9,1 миллион долларын құрады.
Зейнетақы активтері және IV тоқсандағы жоспар
БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін қолдау мақсатында Ұлттық банк инвестициялық басқарушы ретінде биржадан 986 миллион доллар сатып алды. Бұл көлем айлық сауданың 9,4%-ына тең түсті.
Сондай-ақ алтын сатып алу операцияларын айналау аясында қыркүйекте шамамен 374 миллиард теңге зарарсыздандырылды. Ал жылдың соңына дейін жаңа сатылымдар көзделген.
«2026 жылдың IV тоқсанында алтын сатып алуды айналау операциялары шеңберінде шамамен 907 миллиард теңгеге баламалы шетел валютасын сату жоспарланып отыр», – деп нақтылады реттеуші орган.
Ұлттық банк барлық операциондық шараларды нарықтық бейтараптық қағидатын сақтай отырып жүргізетінін атап өтті. Алдағы уақытта теңге динамикасы нарық қатысушыларының күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, халықаралық шикізат бағаларына және жаһандық геосаяси жағдайға байланысты қалыптасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







