Дональд Трамп Илон Маскқа ауқымды сұхбат беріп, Украина мен Ресейдің арасындағы жағдайға қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Трамп АҚШ-ты басқарған кезінде Ресей президенті Путинді жақсы білгенін және ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен, КХДР басшысы Ким Чен Ынмен жақсы қарым-қатынаста болғанын айтты. Оның сөзінше, бұл елдермен қарым-қатынаста дағдарысқа жол бермеу керек.
«Олар өз істерін өте жақсы алып жүр. Олар қатал, ақылды әрі өз елдерін қорғайды», — деді Трамп.
Трамп сайлауда жеңіске жеткен жағдайда Путинмен жақсы қарым-қатынас орнатқысы келетінін айтты. Сондай-ақ, оның айтуынша, «Ресей мен Қытай мүдделерінің бірігуіне» және олардың одағына жол бермеу керек. Трамп АҚШ-қа оларға қарсы тұра алатын президент қажет деп санайды.
Сұхбат барысында ол Қытай «жақын арада ядролық арсенал бойынша өздерін қуып жететінін немесе басып озатынын» да мәлімдеді.
Трамп Украинадағы соғысқа қатысты пікір білдірді. АҚШ президенттігіне кандидат Украинада жеке құрам жоқ екенін, сондықтан олар жастар мен кәрілерді әскерге шақыруға мәжбүр екенін, ал Ресей үлкен жауынгерлік күш екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, Трамптың пікірінше, «ақылды президент бұл қақтығысты тоқтата алар еді».