Өскеменде Абай күніне орай қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Қоғам өкілдері хакім рухына тағзым етіп, оның ұлт руханиятындағы мәңгілік орнын тағы бір мәрте айшықтады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Салтанатты шара қаланың Орталық алаңында өтті. Оған қоғам және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, мәдениет қайраткерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Рәсім Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры әртістерінің театрландырылған прологымен басталды. Сахналық қойылымда Абайдың бейнесі сомдалып, ақынның шығармашылық әлемі көркем композиция арқылы ұсынылды.
Шара барысында Абай өлеңдері оқылып, әндері орындалды. Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының солистері хакімнің әйгілі «Желсіз түнде жарық ай» әнін шырқады.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жиналған қауымды Абай күнімен құттықтап, ұлы ойшылдың өсиеті бүгінгі қоғам үшін де маңызын жоғалтпағанын атап өтті.
– Ең қиын кезеңдерде халқына тура жолдан таймауға, «бес дұшпаннан» аулақ болуға және «бес асыл іске» ұмтылуға үндеген ұлы Абай өз халқымен бірге мәңгі жасай береді, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Абайдың «бес асыл іс» пен «бес дұшпан» туралы өсиеті адамның жеке қасиетін ғана емес, тұтас қоғамның даму бағытын айқындайтын құндылықтар жүйесіне айналды. Талап, еңбек, терең ой, қанағат пен рақымға үндеген ақын надандық, еріншектік пен орынсыз мақтаннан сақтандырды.
Рәсімге қатысушылар ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, хакім рухына тағзым етті.
Абай қазақ халқына мол әдеби мұра ғана емес, адам мен қоғамның табиғаты туралы терең философиялық ой қалдырды. Оның қара сөздері мен өлеңдеріндегі білімге ұмтылу, адал еңбек ету, өзін үнемі жетілдіру және ел алдындағы жауапкершілік идеялары ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін сақтап отыр.
Абай мұрасы қазақтың ұлттық санасы мен мәдени жадынан ажырағысыз құндылыққа айналды. Сондықтан ақынның шығармаларын дәріптеу өткенге тағзым етумен ғана шектелмей, оның ойларын қазіргі қоғамның рухани дамуына пайдалану мәніне ие.
Салтанатты шара облыстық филармония солистерінің орындауындағы «Айттым сәлем, Қаламқас» әнімен қорытындыланды. Жиналғандар Абай ескерткішінің алдында естелік суретке түсті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







