Абай облысының әкімі Берік Уәли Семейдеші маңызды инфрақұрылым нысандарын аралап, құрылыс қарқынымен танысты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алдымен әкім назарына қаланың жаңа көпірінің құрылысы ілікті. Ұзындығы 810 метр, ені 23 метрлік көпір құрылысы президент Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатыр. Қазіргі уақытта жобаның 65%-ы аяқталған. Жалпы құны 47,3 млрд теңге. Құрылыс басшысы Серік Тауданбеков көпірдің жоспарланған тоғыз тірегінің сегізі салынып біткенін, металл конструкцияларының 4,3 мың тоннасы орнатылғанын айтты. Нысанда 174 жұмысшы еңбек етуде.
Берік Уәли көпірдің стратегиялық маңызын атап өтіп, құрылыс қарқынын төмендетпеуді шегелеп тапсырды.
«Көпір Президент тапсырмасы бойынша салынып жатыр, сондықтан ешбір ақталу қабылданбайды. Құрылысты биыл аяқтап, қолданысқа беруіміз керек», – деді облыс әкімі.
Қаладағы екінші маңызды бағыт Қарағайлы ықшамауданындағы тұрғын үй құрылысы. Мұнда қазір 13 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Жалпы аумағы 67 926 шаршы метр болатын тұрғын үйлерде 712 пәтер болады. Құрылыс 2024 жылдың шілдесінде басталған, биыл тамыз айының соңында аяқталуы керек. Сондай-ақ, «Еуро Азия» ЖШС қосымша тағы 29 үйдің құрылысын бастап кеткен.
Берік Уәли құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң сақтау керегін ескертті.
«Жұмыс мерзімінен кешікпеуі тиіс. Әсіресе ішкі әрлеу жұмыстары мен инженерлік желілердің сапасына ерекше мән беріңіздер. Бұл, бұл тұрғындардың тікелей өмір сапасына әсер ететін мәселе», – деді облыс әкімі.
Вокзалдың жайы қалай?
Облыс әкімі назар аударған келесі нысаны Семей теміржол вокзалы. 1915 жылы салынған тарихи ғимараттың жөндеу жұмыстарына 5,7 млрд теңге бөлінген. Қазір вокзал аумағы 3 мың шаршы метрден 4,7 мың шаршы метрге дейін кеңейтілуде. Мұнда су құбыры мен кәріз жүйелері тартылып, ішкі қабырғалар мен шатырды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Нысанда 32 жұмысшы және 3 техника жұмыс істейді.

Аймақ басшысы нысанның маңызды инфрақұрылымдық мәні бар екенін, жұмысты қысқа қалдырмай, ертерек аяқтауды тапсырды.
«Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін қалдыруға болмайды. Ауа райы күрт суытқанша жұмысты аяқтап, халыққа қолайсыздық туғызбаңыздар», – деді Берік Уәли.
Жалпы, Абай облысында былтырдан бері Семей қаласымен бірге Аягөз, Шар, Ақтоғай, Жалаңашкөл, Дегелең, Үшбиік, Жарма, Белағаш және Ауыл станцияларының теміржол вокзалдары да жөнделіп жатыр.


Облыс әкімі барлық құрылыс компанияларына жұмысты тұрақты түрде қадағалап, бекітілген мерзімнен кешіктірмеуді қатаң тапсырды.
Айтқандай, Қазақстанда теңге нығайып жатыр. Сарапшылар позитив болжамды жария етті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







