Абай облысында суармалы жердің үштен бірі ғана ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген. Өңір әкімі Берік Уәли суару жүйелерін жаңғыртып, игерілмеген алқаптарға инвестиция тартуды тапсырды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыстағы суармалы жердің жалпы көлемі 113,4 мың гектарды құрайды. Соның 32,9 мың гектары немесе 29 пайызы ғана пайдаланылып, 80,5 мың гектар жер айналымнан тыс қалып отыр. Суармалы алқаптар негізінен Үржар, Жарма, Бесқарағай, Ақсуат және Жаңасемей аудандарында шоғырланған.
Биыл су үнемдеу технологиялары қолданылатын аумақты 35 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Қазір мұндай тәсіл 30,6 мың гектарда енгізіліп, 20,59 мың гектарға жаңбырлатып, 9,98 мың гектарға тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Көрсеткіш 2025 жылмен салыстырғанда 7,1 мың гектарға артты.
Өңірде үш су қоймасы, 20 су торабы және ұзындығы 551,2 шақырым болатын 41 магистралдық канал бар. Алайда 13 су торабы мен каналдардың 401 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Тозған инфрақұрылым судың ысырабын көбейтіп, егістік көлемін кеңейтуге кедергі келтіріп отыр.
Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бойынша облыста жеті жаңа су қоймасы салынады. Сонымен бірге 12 су торабы мен ұзындығы 278,3 шақырым болатын 28 магистралдық каналды жаңғырту көзделген. Қарғыба өзеніндегі су қоймасының жобасы мемлекеттік сараптамаға жіберіліп, Қарақол су қоймасының құжаттары әзірленуде, тағы бес нысанның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып жатыр.
Ақсуат ауданында 5822 гектар суармалы жерді қамтитын «Қарғыба» су торабын реконструкциялау жалғасуда. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жаңғырту ауданның егін шаруашылығына қажетті суды тұрақты жеткізуге мүмкіндік береді.
Берік Уәли пайдаланылмай жатқан алқаптарды айналымға енгізіп, шаруашылықішілік каналдарды қалпына келтіруді тапсырды. Су үнемдеу технологияларын кеңейтіп, суармалы егіншілікке инвестициялық жобалар тарту міндеті қойылды. Биыл құрылған облыстық су ресурстары және ирригация басқармасы осы жұмысты жүйелі үйлестіретін болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







