Қазақстанда «Әділет» партиясын құру туралы хабар қоғамдағы ең қызу талқыланған тақырыптың біріне айналды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұйымдастыру комитеті құрылғаны жарияланған сәттен бастап әлеуметтік желіде жаңа саяси күшке қызығушылық танытқан адамдардың қарасы көбейген.
Әсіресе жастар жағы белсенді көрінді. Пікір қалдырғандардың бір бөлігі «Әділетті» ел басқару ісіне араласудың нақты мүмкіндігі деп қабылдап отыр. Олар жаңа партиядан саяси серпіліс күтетінін ашық жазып жатыр.
Желі қолданушыларының пайымынша, «Әділеттің» басты ерекшелігі атауында ғана емес, ұстанымында. Көпшілік әділдік ұраны кезекті саяси безендіру болып қалмай, күнделікті өмірдің қағидасына айналуы керек деген ой айтып жатыр. Қоғам ішіндегі осындай сұраныс жаңа саяси мәдениетке деген аңсардың барын аңғартады.

Партияға қосылуға ниет білдіргендердің қатары да әркелкі. Арасында кәсіпкер де, студент те, танымал тұлғалар да бар. Демек, қызығушылық тек бір әлеуметтік топпен шектеліп тұрған жоқ.
Нені білу керек және не маңызды?
Қоғамдағы үміттің өзегі де түсінікті. Көпшілік «Әділетті» жаңа Конституция аясында әр азаматтың құқығы қорғалатын, мүмкіндік теңдігі сақталатын саяси алаң ретінде көргісі келеді.

Әлеуметтік желідегі талқылауларда ең жиі қойылған сұрақтың бірі «партияға кіру үшін қайда хабарласуға болады?» деген сауал болуы да соның белгісі.
Еске салсақ, 16 сәуір күні «Әділет» партиясының ұйымдастыру комитеті бастамашыл топ атынан Әділет министрлігіне саяси партия құру ниеті жөнінде ресми хабарлама тапсырды. Құжаттарға 700-ден едәуір көп Қазақстан азаматының қолдауы тіркелген.
Қазір «Әділеттің» ұйымдастыру комитеті ресми түрде жұмысқа кірісті. Алдағы кезеңде партияның құрылтай съезін өткізуге дайындық жүріп жатыр.
Сөйтіп, «Әділет» әзірге тіркелген саяси ұйым емес, бірақ оның айналасындағы қоғамдық көңіл күй жаңа партияға деген сұраныстың барын анық аңғартты. Енді негізгі сұрақ біреу: әлеуметтік желідегі қызу ықылас нақты саяси күшке айнала ала ма.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







