Заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты Алматының Алмалы аудандық сотында үкім шықты. Сот оны «көрінеу жалған ақпарат таратты» деп танып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар 5 жыл бойы желіде бірнәрсе жазуға тыйым салып, жәбірленушілерге 4 млн теңге моральды өтемақы төлеу міндеттелді деп жазады Ertenmedia.kz.
Әуелі, Әділетхан көтерген мәселенің негізсіз еместігіне назар аударған жөн. Әлгі апаттан кейін Сәденов Алматы полиция департаменті бастығының орынбасарын, әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшыларын қызметінен қуды.
Демек, заңгер нүктесін дәл қоймаса да, сол жүйедегі ірі олқылықтар мен лауазымды тұлғалардың селқостығын сезген, оның қоғамдық инстинкті дұрыс жұмыс істеген. Әйтпесе іс белгілі бір өлшемде жабулы қазан күйінде қалып, жүйе іштей іри берер ме еді.
Оның үстіне, іс бойынша нақты бір полиция қызметкеріне қатысты «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтік әрекетсіздік» бабымен тергеу жүріп жатқаны мәлім. Осының өзі блогердің қырық өтірікті құрастырмағанын, тек нақты есімдерді атауда қателік жібергенін көрсетеді.
Үкімінің тым қаталдығы мен жеделдігі де түрлі сұрақ тудырып отыр
Біздіңше, Әділетханға шығарылған шешім Ішкі істердің өзін-өзі критикадан қорғау үшін жасаған ақпараттық блокадасы іспетті. Сот пен полиция осы істе мемлекет емес, жекелеген погон таққан тұлғалардың корпоративтік намысын жоғары қойғандай әсер қалдырады.
Қоғамда үлкен резонанс тудырған мәселені дөрекі, бәлкім заңдық тұрғыдан шикілеу жеткізген адамды қауіптірек көру шынын айтқанда абсурд. Заңгердің сөзінен ешкімнің басы жарылып, көзі шыққан жоқ, ешқандай бүлік туған жоқ.
Әділетханның қатесін оның кәсіби құқығын шектеу, айыппұл салу немесе қоғамдық жұмысқа жегу арқылы да түзеуге болатын еді.
Неге? Кез келген заңгер немесе журналист зерттеу барысында фактілерді біріктіруде қателесуі мүмкін. Ал оны бірден қылмыстық сипатқа ие етіп, бас бостандығынан айыру жүйенің қоғаммен диалог құрудан бас тартып, дүре тілінде сөйлесуді таңдағандай көрініс бермей ме?
Заңгерді бес жыл бойы желіде белсенділік таныту құқығынан айыру да аса қатал үкім. Мына заманда адамды ақпараттық кеңістіктен аластату оны әлеуметтік өмірден толық оқшаулаумен тең. Демек, жазаның мақсаты адамды түзеу емес, оны кәсіби тұрғыдан басыбүтін жою болғаны ма?
Ашығын айтқанда, Әділетхан ісінен кейін азаматтардың мемлекеттік құрылымдардың жұмысына баға беру, күдік келтіру немесе баламалы тергеу жүргізу құқығына ресми түрде «вето» қойылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







