«ҚазТрансОйл» АҚ «Өзен — Атырау — Самара» магистральдық құбырымен мұнай тасымалдаудың тиімділігін арттырды. Мұнай қоспасының құрамын оңтайландыру нәтижесінде компания 800 миллион теңгеден астам қаржы үнемдеді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
«ҚазМұнайГаздың» еншілес ұйымы бірнеше жыл бойы «Жетібай — Өзен — Атырау» учаскесіндегі мұнай қабылдау үдерісін жетілдірумен айналысты. Жұмыс кезінде әр кен орнынан келетін шикізаттың физикалық-химиялық құрамы, тұтқырлығы мен аққыштық қасиеті ескерілді. Соның арқасында өңдеуге және құбырмен тасымалдауға қолайлы мұнай қоспасы алынды.
Жаңа тәсіл Атырау мұнай өңдеу зауытына жеткізілетін шикізаттың сапасын айтарлықтай жақсартты. Мұнайдың 20 градустағы тығыздығы текше метріне 860 килограмнан 850 килограмға дейін төмендеді. Құрамындағы күкірт мөлшері де 0,6 пайыздан 0,2 пайызға дейін азайды.
Сапалы шикізат зауыттағы технологиялық жабдықтың бірқалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Өңдеу кезінде туындайтын артық салмақ азайып, өндіріс үдерісінің тұрақтылығы күшейеді. Сонымен бірге шығарылатын мұнай өнімдерінің тауарлық сапасы жақсарады.
«Атырау — Самара» экспорттық бағытындағы мұнай қоспасының қату температурасы бұрынғы +20 градустан -3 градусқа дейін төмендеді. Соның нәтижесінде құбырдың ықтимал тоқтап қалуынан туындайтын тәуекел азайды. Мұнайды үздіксіз қыздырып отыру қажеттілігі де едәуір қысқарды.
Мұнай қоспасының жаңа құрамы табиғи газды үнемдеуге жол ашты. 2022-2025 жылдары мұнайды қыздыруға жұмсалатын 34,573 миллион текше метр газ үнемделді. Компания есептеуінше, жалпы қаржылық тиімділік 800 миллион теңгеден асты.
Бұған дейін «Өзен — Атырау — Самара» құбырымен мұнай тасымалдау жоғары температураны тұрақты ұстап тұруды талап ететін. Маңғыстау мұнайының құрамында күкірт аз болғанымен, оның қату температурасы +30 градусқа дейін жетеді. Бозашы мұнайы қою әрі тұтқыр, алайда аққыштығын жоғалту температурасы -21 градусқа дейін төмен.
Қасиеті бір-біріне ұқсамайтын екі мұнайды дұрыс араластыру тасымалдауға қолайлы қоспа жасауға мүмкіндік берді. Технологиялық шешім шикізат сапасын көтеріп, экспорттық бағыттың тұрақтылығын нығайтты. Компания енді тиімділікті арттыратын тәсілдерді одан әрі жетілдіруді жоспарлап отыр.
«Өзен — Атырау — Самара» құбыры 1978 жылы пайдалануға берілген. Оның Қазақстан аумағындағы бөлігінің ұзындығы 1238 шақырымды құрайды. Магистраль батыс өңірлердегі мұнайды отандық зауыттарға және Самара бағыты арқылы әлемдік нарыққа жеткізетін негізгі күретамыр саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







