«Ақ жол» демократиялық партиясы 23 шілдеде сайлауалды үгіт-насихат науқанын ресми түрде бастады. Алматының Іле Алатауы бөктерінде өткен жиында партия төрайымы Дания Еспаева Құрылтай сайлауына арналған негізгі басымдықтарды таныстырып, республика бойынша саяси науқанға старт берді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шараға Құрылтай депутаттығына кандидаттар, партияның жастар қанатының өкілдері мен белсенділері қатысты. Жиынның басты ерекшелігі еліміздің барлық өңіріндегі филиалдармен тікелей байланыс орнатқан телекөпір болды.
Дания Еспаева арнайы батырманы басып, партияның республика көлеміндегі үгіт жұмысының басталғанын жариялады. Оның айтуынша, жаңа Конституция негізінде өтетін Құрылтай сайлауы елдің саяси жүйесіндегі маңызды кезеңдердің бірі саналады.
– Жиырма бес жылдық тарихы бар «Ақ жол» партиясы Құрылтай сайлауына нақты өзгерістер әкелу мақсатында қатысады. Біз егемендік пен ұлттық мүддені қорғауды, жемқорлықпен күресіп, заңсыз шығарылған капиталды елге қайтаруды, шағын және орта бизнесті дамытуды, табиғи байлықты халық игілігіне жаратуды көздейміз, – деді Дания Еспаева.
Партия төрағасы сайлауалды бағдарламада жастар мен жас отбасыларды қолдауға ерекше назар аударылғанын атап өтті. «Ақ жол» қолжетімді әлеуметтік тұрғын үй құрылысын көбейтуді және азаматтарды жалғыз баспанасынан айыруға заңнамалық деңгейде толық тыйым салуды ұсынады.

Дания Еспаеваның айтуынша, партия үшін негізгі міндеттердің бірі әділ сайлау өткізу және азаматтардың күнделікті өміріне нақты әсер ететін заңнамалық шешімдер ұсыну. Ол Құрылтайдағы жұмыстың кәсібилікке, ұлттық мүддеге және экономикалық еркіндікке негізделуі қажет екенін айтты.
Жиында жастар қанатының өкілдері мен депутаттыққа кандидаттар да сөз сөйлеп, сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырды. Кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік саясат, ұлттық мүдде және құқықтық қорғау мәселелері негізгі тақырыптардың қатарына кірді.
Ресми бөлімнен кейін партия кандидаттары мен белсенділері Алматының орталығына барып, алғашқы үгіт акциясын өткізді. Бөгенбай батыр мен Панфилов көшелерінің қиылысында қала тұрғындарымен еркін форматта кездесіп, партияның сайлауалды материалдарын таратты.
Осылайша «Ақ жол» сайлауалды науқанын салтанатты жиыннан бастап, сол күні тікелей көшедегі үгіт жұмысымен жалғастырды. Партия өкілдері алдағы кезеңде өңірлердегі кездесулерді күшейтіп, сайлаушыларға бағдарламалық бастамаларын тікелей таныстыруды жоспарлап отыр.
«Ақ жол» ҚДП сайлау қорының қаражатынан төленді. Тапсырыс беруші: А. Т. Қожахметов. Ақпарат өндіруші: «Сұлтан Медаиа» ЖК
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







