Журналист, «Просто журналистика» YouTube-арнасының авторы Лұқпан Ахмедияровты Астана әуежайында полиция қызметкерлері тоқтатты. Одан Ресей Ішкі істер министрлігі қозғаған қылмыстық іс пен мемлекетаралық іздеуге қатысты жазбаша түсініктеме талап етілген, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ахмедияровтың айтуынша, оқиға отбасымен бірге Астанаға ұшып келген кезде болған. Әуежайда алдынан шыққан тәртіп сақшылары Ресейдегі қылмыстық іске байланысты түсінік беруі керектігін жеткізген.
«Путиндік Ресейдің маған қандай айып тағып отырғанынан мүлде хабарсыз екенімді, қылмыстық істің материалдарымен ешкім таныстырмағанын түсіндірдім», – деп жазды журналист.
Оның сөзінше, Ресей тарапы қандай бап бойынша іс қозғағанын және мемлекетаралық іздеуге не себеп болғанын ресми түрде хабарламаған. Қазақстанның құқық қорғау органдары да істің мән-жайын түсіндірмеген.
Ахмедияров іздеуге жариялануына бұрын Оралда тұрған Шәкір Суханбердин есімді азаматтың арызы түрткі болғанын айтады. Журналистің мәлімдеуінше, Украинадағы соғыс басталғаннан кейін Мәскеуге көшкен Суханбердин Ресей Ішкі істер министрлігінің шешімі өз арызынан кейін қабылданғанын бұған дейін мақтанышпен айтқан.
«Ол мені Ресей Ішкі істер министрлігі дәл өзінің арызы бойынша мемлекетаралық іздеуге жариялағанын жасырмай мәлімдеген еді», – деді Ахмедияров.
Әзірге Суханбердиннің арызында не жазылғаны, Ресейде қозғалған істің қандай айыпқа негізделгені белгісіз. Астана әуежайындағы жағдай жөнінде Қазақстан полициясы да ресми ақпарат таратқан жоқ.
Журналист отандық құқық қорғау жүйесінің ұстанымына наразылығын білдірді. Ол бұған дейін белгісіз біреу көлігін бояумен бүлдіргенде полиция тиісті шара қолданбағанын еске салды. Ал Ресейден келген сұрауға тәртіп сақшыларының дереу ден қоюын түсініксіз жағдай деп бағалады.
«Қазақстан полициясының көлігімді қаскөй бояумен бүлдірген жағдайды жай ғана елемегені таңғалдырады. Ал Ресейден түскен сұрауларға қызмет көрсету олар үшін басымдыққа айналған. Таңғаларлық заманда өмір сүріп жатырмыз», – деп жазды ол.
Ахмедияров әуежайда қанша уақыт бөгелгенін және түсініктеме бергеннен кейін қандай шешім қабылданғанын айтпады. Қазақстан аумағында оған қандай да бір құқықтық шектеу қойылғаны жөнінде де мәлімет жоқ.
Оқиғаның өзегінде әзірге жауапсыз қалған екі мәселе тұр: Ресей журналисті нақты не үшін іздеп жатыр және Қазақстан полициясы шетелде қозғалған, материалдарымен Ахмедияровтың өзі де таныспаған қылмыстық іс аясында қандай әрекетке бара алады?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







