Орталық сайлау комиссиясы 23 тамызда өткен Құрылтай депутаттары сайлауының түпкілікті қорытындысын жариялады. Бес пайыздық межеден бес партия өтті. Жаңа бір палаталы парламенттегі басымдық «Әділет» партиясына бұйырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ұсынған мәліметке сәйкес, сайлаушылар тізіміне 12 623 289 қазақстандық енгізілген. Соның 9 351 539-ы дауыс беруге қатысқан.
Ел бойынша түпкілікті сайлау белсенділігі 74,08 пайызды құрады. Наурызда өткен республикалық референдуммен салыстырғанда, сайлау учаскесіне келген азамат саны 224 357 адамға артқан.
Бес партия Құрылтайға өтті
Дауыстар толық есептелгеннен кейін жеті саяси ұйымның бесеуі заңда белгіленген бес пайыздық межені еңсерді.
«Әділет» партиясы 71,17 пайыз дауыспен айқын жеңіске жетті. Екінші орынға 6,26 пайыз көрсеткішпен «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы шықты.
Respublica партиясын сайлаушылардың 5,56 пайызы қолдаған. Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы 5,21 пайыз, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 5,11 пайыз дауыс жинады.
Сайлаушылардың 2,51 пайызы бюллетеньдегі «бәріне қарсымын» нұсқасын таңдаған. Тағы екі саяси партия қажетті межеге жете алмады. Сондықтан олар депутаттық мандаттарды бөлуге қатыспайды.
«Әділетке» басым көпшілік бұйырды
Жаңа Құрылтайда барлығы 145 депутаттық орын қарастырылған. Сайлау қорытындысы бойынша мандаттар былай бөлінді:
- «Әділет» партиясы – 110 мандат;
- «Ауыл» партиясы – 10 мандат;
- Respublica партиясы – 9 мандат;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 8 мандат;
- «Ақ жол» партиясы – 8 мандат.
Осылайша, «Әділет» Құрылтайдағы орынның шамамен 75,9 пайызын иеленді. Қалған төрт партияға жиынтық есеппен 35 мандат тиді.
110 мандат билеуші партияға заң жобаларын қабылдау кезінде берік саяси басымдық береді. Қалған фракциялар парламенттік азшылықта қалып, Құрылтайдағы балама пікір мен саяси пікірталастың негізгі жүгін көтермек.
Жаңа парламент бес жыл жұмыс істейді
Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы 23 тамыз, жексенбі күні өтті. Сайлау учаскелері таңғы сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істеді.
Жаңа бір палаталы заң шығарушы органға сайланған 145 депутаттың өкілеттік мерзімі бес жылға созылады.
Аталған сайлау 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі саяси жаңғырудың кезекті белесіне айналды. Жаңа Ата заң 1 шілдеде күшіне енді.
Конституциялық өзгерістерге сәйкес, Мәжіліс пен Сенаттан құралған бұрынғы қос палаталы Парламент жұмысын тоқтатты. Оның орнына елдің заң шығарушы билігін жүзеге асыратын бір палаталы Құрылтай құрылды.
Алғашқы сайлаудың қорытындысымен Құрылтайда бес партия өкілдік алды. Алайда мандаттардың төрттен үштен астамы бір партияға тиіп отыр. Сондықтан жаңа парламенттің саяси келбеті де, қабылданатын шешімдердің бағыты да көбіне «Әділет» фракциясының ұстанымына тәуелді болмақ.
Президент Тоқаев жаңа Құрылтайдың жұмысына зор үміт артатынын бұған дейін айтқан еді. Мемлекет басшысының пікірінше, жаңа парламенттің құрылуы ел дамуына тың серпін беруге тиіс.
Құрылтай жасақталғаннан кейін саяси өзгерістер жалғаспақ. Президент сайлаудан соң Үкімет отставкаға кететінін айтып, оның құрамында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болатынын мәлімдеген. Дегенмен Тоқаев министрлер кабинеті мен премьер-министр Олжас Бектеновтің жұмысына көңілі толмайтыны туралы сөз жоқ екенін де анық аңғартты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







