Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Эльдар Сейдахметұлы Толғанбаев Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ресми тағайындау туралы шешімді Ақорданың баспасөз қызметі жариялады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Эльдар Сейдахметұлы Толғанбаев Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі лауазымына тағайындалды», – делінген ресми хабарламада.
Ақордадағы стратегиялық бағыт
Аталған лауазым мемлекеттік аппараттағы идеологиялық күн тәртібін, ақпараттық саясат пен қоғамдық коммуникацияларды реттейтін негізгі позициялардың бірі саналады. Бұған дейін бұл қызметті Арман Қырықбаев атқарып, жақында Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалған болатын.
Эльдар Толғанбаев осы бағытты жалғастыра отырып, Президент Әкімшілігінің бұқарамен, медиа кеңістікпен және азаматтық сектормен байланысын үйлестіруге жетекшілік етеді.
Эльдар Толғанбаевтың қызмет жолы мен тәжірибесі
Эльдар Толғанбаев 1981 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін және Д.А. Қонаев атындағы университетті бітірген. «Құрмет» орденінің иегері.
Еңбек жолын 2005 жылы жергілікті атқарушы органдардан бастаған ол мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен:
-
2006–2008 жылдары – Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрылымында қызмет етті;
-
2008–2012 жылдары – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Ақпараттық-талдау орталығының бас кеңесшісі, жедел ақпарат секторының меңгерушісі;
-
2012–2016 жылдары – ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» (ОКҚ) РММ директорының орынбасары;
-
2016–2019 жылдары – ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының кеңесшісі;
-
2019–2022 жылдары – «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары және «Almaty» телерадиокомпаниясы бас директорының бірінші орынбасары;
-
2022–2023 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы;
-
2023 жылы – Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі;
-
2023–2024 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды.
Осы тағайындауға дейін ол 2024 жылдың ақпан айынан бастап Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келген. Жаңа қызметінде Эльдар Толғанбаев елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылық пен мемлекеттік ақпараттық саясатты жаңа деңгейге көтеруге жауапты болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







