Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турлов Stanford University студенттерімен кездесуде компанияның брокерлік бизнестен қаржы экожүйесіне дейінгі жолын түсіндірді. Оның айтуынша, Freedom алғашқы кезеңде өнімнен бұрын сенім мәселесіне тірелген деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Турловтың сөзінше, Қазақстанда қор нарығы ұзақ уақыт бойы көпшілікке түсініксіз әрі күмәнді сала болып көрінген.
– Біз басынан бастап сенімді қалай қалыптастыру керек деген сұраққа тірелдік. Адамдарға нарық инфрақұрылымы қалай реттелетінін, қаражаты неге қауіпсіз екенін, дивиденд қалай жұмыс істейтінін, тәуекел мен ықтимал табыс қандай болатынын түсіндіру қажет болды, – деді ол.
Оның айтуынша, банкті сатып алу Freedom үшін сенім мәселесін шешкен маңызды қадамға айналған. Дамушы елдерде банк брокерге қарағанда әлдеқайда сенімді институт ретінде қабылданады. Клиент банктік карта, төлем, шот толықтыру арқылы компаниямен жиі байланысады. Сол байланыс кейін инвестициялық өнімге жол ашады.
Турловтың Stanford-тағы сабағы
Компания сақтандыру бағытына да осы логикамен кірген. Реттеуші цифрлық сақтандыруға мүмкіндік берген соң Freedom сақтандыру өнімдерін онлайн форматта дамыта бастаған.
Турлов сақтандыру саласындағы процестер қор нарығына қарағанда баяу болғанын, ал компания цифрлық платформа құру тәжірибесін осы бағытта қолданғанын жеткізді.

Сақтандыруда дерек шешуші рөлге шыққан. Freedom көлік сақтандыруында тәуекелді дәлірек есептеу үшін машиналық оқыту модельдерін қолданған. Компания кредит бюросы деректерін, сақтандыру базасын, жол-көлік оқиғалары бойынша ашық сот шешімдерін біріктірген.
Қай жерде апат болғаны, кім кінәлі танылғаны, оқиға қай уақытта тіркелгені, клиенттің кредит тарихы сияқты факторлар талданған.
Кейін жол қозғалысын бақылау камераларымен жұмыс істейтін компаниялармен серіктестік орнаған. Көлік нөмірі арқылы машинаның қаншалықты белсенді қолданылатыны, такси ретінде жүруі мүмкін бе, қай қалада нақты пайдаланылатыны, түнде жүре ме, күнде жүре ме, әлде демалыста ғана қозғала ма деген мәліметтер скорингке әсер еткен.
Freedom көлік тәуекелін AI арқылы есептейді
Турловтың айтуынша, әр көліктің нақты тәуекел құнын білу Freedom-ға үлкен артықшылық берген. Соның арқасында компания былтыр Қазақстандағы міндетті автосақтандырудың ең ірі сатушысына айналған.
– Кейбір клиентке 30-40 пайызға дейін кэшбек бере аламыз, ал кейбір клиент үшін полис құнын көтеруге мәжбүрміз, себебі нақты тәуекел әлдеқайда жоғары, – деді ол.

Суперапп тақырыбы Турлов сөзінің негізгі өзегіне айналды. Оның айтуынша, автосақтандыру маржасы бар өнім болғанымен, клиент оны сирек қолданады. Адам полисті жылына бір рет алады да, келесі ұзарту мерзіміне дейін ұмытып кетеді. Мұндай өнімге жеке қосымша жасау тиімді емес.
Ал күнделікті қолданылатын супераппта сақтандыру, төлем, билет, банк қызметі қатар тұрса, клиент керек сәтте бәрін бір жерден табады. Полисті ұзарту, жүргізуші тізімін өзгерту немесе сақтандыру жағдайын тіркеу бір батырмамен орындалады.
Турлов travel-сервистерді сатып алу себебін де ашық түсіндірді. Оның айтуынша, туристік сервис аса жоғары маржалы бизнес емес. Бірақ жиі ұшатын жолаушылар банк үшін ең сапалы клиенттер қатарына жатады. Сондықтан travel бағыты Freedom үшін билет сатудан бөлек, төлем қабілеті жоғары аудиториямен байланыс құралы болды.
Нәтижесінде суперапптағы клиентті ұстап қалу деңгейі жеке қосымшаларға қарағанда бес есе жоғары болған.
11 миллиондық экожүйе
Турловтың айтуынша, қазір Freedom супераппын ай сайын 2, 6 млн белсенді қолданушы пайдаланады. Соңғы 18 айда қосымшаны 5, 4 млн адам жүктеген. Freedom түрлі сервистер арқылы 11 млн-нан астам клиентке қызмет көрсетеді.
Халықаралық кеңею туралы айтқанда Турлов Түркия, Тәжікстан, Грузия және Еуропа бағыттарын атады. Оның пікірінше, алдағы кезеңде елдер тек шикізат немесе өнеркәсіп тауары үшін емес, цифрлық шешімдер экспорты үшін бәсекелеседі.
– Цифрлық өнімдер болашақ экспорттың басты бағытына айналады. Бұрын елдер шикізат экспортында бәсекелесті, кейін өнеркәсіп тауарлары үшін бәсекелесті. Қазір ең жоғары қосылған құн цифрлық шешімдерде жасалады, – деді Турлов.
Freedom кейсі
Жиыннан кейін ол Stanford студенттерінің деңгейі қатты әсер еткенін айтты. Оның сөзінше, олар кейспен тек танысып шықпаған, компания логикасына терең кірген.
– Залда отырған студенттердің деңгейі өте жоғары екені сезілді. Олар біздің кейсті оқып қана қоймай, оны терең зерттеген екен. Кейбір сұрақтарды мен өз командамнан күтер едім, ал оларды осы кейспен алғаш танысқан адамдар қойды, – деді ол.
Freedom кейсінің Қазақстан экономикасы үшін маңызы туралы сұраққа Турлов АҚШ аудиториясын Қазақстанда жасалған, бірақ Америкада әлі кең тарамаған модель қызықтырғанын айтты.

– Оларға Қазақстанда болған, бірақ Америкада әлі болмаған нәрсе неге мүмкін болғаны қызық. Мысалы, АҚШ-та қаржы саласында сәтті суперапптар әлі жоқ. Біз Қазақстанда құрған модельді Еуропа мен АҚШ-та да дамытуға болады деп ойлаймын, – деді Freedom негізін қалаушы.
Freedom Bank алдағы кезеңге арналған ауқымды жаңалығын жариялап, клиентке арналған өнім желісін бірден бірнеше бағытта кеңейтетінін мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







