Активтерді қайтару жөніндегі комитет Құлыбаевтың ізіне түскені қаншалық рас? — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Tengrinews.kz мәліметінше, бұған дейін БАҚ Құлыбаевтың атына Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті талап арыз қойғанын хабарлады. Соттың баспасөз қызметінен осы мәліметтің рас-өтірігі сұралған. Алайда Алматы соты сот жабық режимде өтіп жатқанын хабарлаған.
«Азаматтық іс жүргізу кодексінің 19-бабына сәйкес жабық режимде қаралатын істер бойынша сот ақпарат бермейді», — деп жазылған Алматы қалалық сотының Tengrinews.kz-ке жауабында.
Tengrinews.kz Бас прокуратураның Активтерді қайтару комитетіне де жүгінген. Ведомство өкілдері комитет «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң шеңберінде әрекет ететінін және тиісті комиссияның шешімдерін басшылыққа алатынын мәлімдеді.
«Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган мен комиссия мүшелері мәліметтер сақталуын және құпия болуын қамтамасыз етуге міндетті. Комитеттің қарамағындағы ақпаратқа қол жеткізуді шектеу (құпия болуын қамтамасыз ету) тікелей заңнамалық талаптарға байланысты», — деп жазылған жауапта.
Қорытынды: заң талаптарына байланысты істің егжей-тегжейі мен оған қатысушылар туралы ақпарат құпия болып қалды.
Айта кетейік, Тимур Құлыбаев — кәсіпкер, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының бұрынғы төрағасы, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің бұрынғы президенті, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы.