Алакөл ауданының Ақши ауылында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық идеологиясы аясында «Taza Post – Алакөл» экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Бастама көл жағалауын қоқыстан тазартумен қатар, демалушылар арасында табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруды көздейді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Экологиялық акция барысында Алакөл жағалауында арнайы нүкте ашылып, демалушыларға тазалық жұмысына қажетті құралдар таратылды. Қатысушыларға қолғап пен қоқыс жинайтын қап салынған арнайы экобокстар ұсынылды. Балалар үшін шағын сыйлықтар да әзірленген.
Демалушылар берілген құралдарды пайдаланып, көл жағалауы мен оған іргелес аумақта шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтарды жинады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияға келушілердің белсенді араласуы табиғи аумақты таза ұстауға деген қоғамдық жауапкершіліктің артып келе жатқанын көрсетті.
Жетісу облысы бойынша «Қазақстан студенттерінің альянсы» омбудсмені Ақерке Қызайбайдың айтуынша, акцияның мақсаты бір күндік сенбілік өткізумен шектелмейді.
«Іс-шара барысында қатысушыларға қоршаған ортаны ластамау, қоқысты арнайы орындарға тастау және демалыс орнын бастапқы тазалық күйінде сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Негізгі мақсат – экологиялық жауапкершілікті күнделікті әдетке айналдыру», – деді Ақерке Досымханқызы.
«Taza Post – Алакөл» аясындағы жұмыстар нәтижесінде жағалаудың бірқатар бөлігі тұрмыстық қалдықтан тазартылды. Ұйымдастырушылар мұндай формат демалыс орнының санитарлық және эстетикалық жағдайын жақсартумен қатар, әр азаматтың табиғатты қорғауға жеке үлес қоса алатынын іс жүзінде көрсетуге мүмкіндік береді деп есептейді.

📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







