Instagram мен Facebook әлеуметтік желілерінің жұмысында жаһандық ақау тіркелді. Meta сервистеріндегі іркіліс Қазақстанды қоса алғанда бірнеше елдің қолданушыларына әсер етті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Downdetector мәліметінше, мыңдаған адам Facebook пен Instagram қызметіндегі ақауға шағымданған. Қолданушылар жаңалықтар таспасын жаңарта алмай, жарияланымдарды ашу, жаңа жазба орналастыру және жеке аккаунтқа кіру кезінде қиындыққа тап болды.
Ақау мобильді қосымшалармен қатар әлеуметтік желілердің веб-нұсқасына да әсер еткен. Facebook қолданушыларының бір бөлігіне аккаунттың сайттағы мәселе салдарынан уақытша қолжетімсіз екені туралы ескерту шыққан. Instagram-дағы негізгі шағым қосымшаның жұмысына, таспаның жүктелмеуіне және контент жариялау мүмкіндігінің шектелуіне қатысты болды.
Қазақстандық қолданушылар да екі платформадағы іркіліс туралы хабарлап жатыр. Кейбір азамат әлеуметтік желіге мүлде кіре алмаса, өзгелері жаңа жарияланым мен пікірді жүктеу кезінде ақауға кезіккен.
Алғашқы деректерге қарағанда, шағым саны шарықтау шегіне жеткеннен кейін біртіндеп азая бастаған. Алайда сервистердің жұмысы барлық қолданушы үшін толық қалпына келгені әзірге белгісіз.
Meta компаниясы ақаудың нақты себебін ресми түрде түсіндірген жоқ. Сондай-ақ Instagram мен Facebook қызметінің толық қалпына келетін мерзімі жарияланбады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







