Шетелдік интернет-алаңдарға түсетін салық жүктемесі қазақстандықтар үшін тек бағаның өсуімен шектелмеуі мүмкін. Нарықта тауар тапшы болуы да ғажап емес, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сарапшылар жаңа фискалдық шараның әділдігі жайында тартысып жатқанда, кәсіпкерлер Қазақстан нарығының ауқымы жаһандық ойыншыларға шарт қоятындай деңгейде емес екенін алға тартып отыр.
Atameken Business эфирінде шетелдік маркетплейстерге салық енгізудің салдары қызу талқыланды. Кәсіпкер Самат Исабаевтың пайымынша, «ойын ережесін теңестірудің» ақысын ақыр соңында қарапайым тұтынушы төлейді.
Мәселе неде?
Оның сөзінше, мәселе бағаның қымбаттауымен ғана шектелмейді. Негізгі қауіп ірі платформалардың Қазақстан нарығына деген қызығушылығының әлсіреуінде. Самат Исабаев өнім құны шамамен 15–20 пайызға өсуі ықтимал екенін айтады. Одан да маңыздысы, кей тауар мүлде қолжетімсіз болып қалуы мүмкін. Себебі халқы 20 миллион шамасындағы Қазақстан жаһандық компаниялар үшін шешуші нарық саналмайды. Сондықтан олар мұндай бағыттан оп-оңай бас тарта алады деген уәж айтылды.
Соған қарамастан, қарсы пікір де бар
Салық салуды жақтайтын сарапшылар шетелдік компаниялар Қазақстан инфрақұрылымын пайдаланып отырып, оны ұстауға титтей де үлес қоспайды деп есептейді.
Олардың ойынша, сырттан келген тауар ел аумағына енген сәттен бастап жолды, қауіпсіздік қызметін, полицияны және өзге де қоғамдық игілікті пайдаланады. Демек, сондай ортада жұмыс істеген соң салық төлеуі де заңды.
Осындай ұстанымды жақтаушылардың пайымынша, шетелдік маркетплейстер нарықтан жаппай кетіп қалмайды. Керісінше, жаңа тәртіпке бейімделіп, салық төлей бастайды. Ал кей санатта баға қысқа мерзімге көтерілгенімен, кейін бәсеке әсерінен қайта теңесуі мүмкін.
Талқылауға қатысқан сарапшылар бір мәселеде тоқайласып отыр
Қалай болғанда да, жаңа ережеге бейімделу кезеңі жеңіл өтпейді. Оптимистер маркетплейстер ауқымының өзі салық салмағын жұтып жібереді деп сенсе, күмәнданған тарап логистикадағы түйткіл мен шағын нарық факторы ақырында сатып алушының қалтасына салмақ салатынын айтады.
Сөйтіп, трансшекаралық саудаға салық салу 2026 жылғы экономикалық күн тәртібіндегі ең сезімтал тақырыптың біріне айналып отыр. Ал қазақстандықтар үшін шетелден ағылатын арзан тауар дәуірі бәсеңдеуі мүмкін деген белгі күшейіп келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







