Алматы облысында күзгі жиын-терім науқаны қызу жүріп жатыр. Шаруалар 334 мың гектар алқапты жинап, қамбаға 1,5 млн тоннадан астам өнім түсірді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Биыл өңірде 440 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Қазір жалпы егіс алқабының басым бөлігі жиналды. Даладағы жұмыс ауа райы суытқанша жалғасады.
Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жоспарының 60 пайыздан астамы орындалды. Арпа жинау толығымен аяқталып, 152 мың тоннадан аса өнім алынды. Бидай мен сұлы орағы мәреге жақындаса, жүгері мен күріш жинау енді басталды.
Өңір 5,2 мың гектар күріш алқабынан 22,2 мың тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Майлы дақылдардың 32,5 мың тоннасы жиналды. Бақша өнімінің көлемі 73,7 мың тоннаға жетіп, мал қысына 765 мың тоннадан астам азық дайындалды.

Райымбек ауданындағы «Алтын дән-1» кооперативі PepsiCo компаниясына картоп жөнелте бастады. Шаруашылық чипсы өндірісіне арналған алғашқы 20 тонна өнімін жіберді. Келісімшарт бойынша кәсіпорынға жалпы 3 мың тонна картоп тапсырылмақ.
Кооператив биыл 200 гектарға картоп еккен. Оның 160 гектары өндірістік өнімге, қалған 40 гектары тұқым өсіруге арналған. Әр гектардан орта есеппен 20 тонна өнім жиналып жатыр.
Құрғақшылыққа қарамастан, шаруашылық жаңбырлатып суару жүйесінің арқасында су тапшылығын сезінбеген. Енді әр екі күн сайын картоп тиелген екі жүк көлігі өндіріске жіберіледі. Жиын-терім шамамен бір жарым айға созылады.
Райымбек ауданында биыл 2400 гектар жерге картоп егілді. Шаруалар күн суытып, қар түскенше өнімді толық жинап алуға ниетті. Қажетті техника мен жанар-жағармай қоры жеткілікті дайындалған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







