Зарима Қожмамбетова қазақтың дәстүрлі батасы үшін жазықсыз жазаланып, әділдік іздеп Астанаға келді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімінің тәрбие маманы Зарима Қожмамбетованың басындағы жағдай қоғамда қызу талқыланып жатыр. Оның әкесі былтыр қарашада ауыр науқастан көз жұмғанда, әріптестері көңіл айтып, қазақтың дәстүрімен азын-аулақ қаражатты Зариманың картасына аударған.
Журналист Оңғар Қабденнің айтуынша, осыны жемқорлыққа жатқызған бір топ мұғалім Антикорға шағым түсіріпті.
Антикордың Алматы облыстық департаменті бұл істі сегіз ай бойы тергеп, қылмыстық құрамның дәлелденбеуіне байланысты сотқа жолдаған.
Дегенмен, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының №2 соты биыл 22 шілдеде істі қарап, судья Айнұр Сұлтанова ешқандай айғақ пен дәлел болмаса да, Зарима Қожмамбетованы әкімшілік құқық бұзушылық жасады деп танып, 1 миллион 550 мың 640 теңге көлемінде айыппұл салып, жұмыстан шығару туралы біржақты шешім шығарған.
Сотқа арызданған адамдардың Зариманың картасына ақша аудармағаны анықталып, олардың кім екені де белгісіз болып шыққан. Заримаға қарсы куәлік еткен білім бөлімінің сенімді өкілі ретінде Дүйсембаева Ғалия Мұратбекқызы есімді адамның сотқа қатысқаны белгілі болды. Қожмамбетованың айтуынша, бұл адам білім бөлімінде мүлдем қызмет атқармаған, өзі де танымайды. Ал сотқа куә ретінде қатысқысы келген 20-дан астам тәрбие ісі маманын судья тыңдаудан бас тартқан.
Әділдік іздеген Зарина
Қазір жұмыстан қуылған маман Зарима Қожмамбетова Астанада әділдік талап етіп жүр. Ол жоғары лауазымды тұлғалармен, соның ішінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен кездесіп, жұмысқа қайта тұруды көздеп отыр. Зарима өзі қызмет еткен Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінде ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан қитұрқы әрекеттер мен заңсыздықтарды әшкерелеуге дайын екенін айтты.
«25 қыркүйек күні мені жалған айыппен жұмыстан шығарып жіберді. Астанаға келген себебім – әділдік орнап, қызметіме қайта орналассам деймін. Мен аудандық білім бөлімінде осыған дейін жасалған барлық заңсыздықтардың құжаттарын жинап әкелдім. Мұның артында одан да үлкен былықтар бар. Мені айыптап отырғандардың көбі – тіпті кім екені белгісіз, еш жерде тіркеуде жоқ адамдар. Шындықты айтқаным үшін, осындай жала жабылып отыр», – дейді ол.
Қазір Зарима Қожмамбетова Астанада шындық іздеп, жауапты тұлғалардан араша сұрауда.
Бұған дейін марқұм Салтанат Нүкенованы «салдақыға» теңеген блогер жазаған тартылған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

