Алматыда жас суретшілер Қазақстанның болашағын өз қиялымен бейнеледі. Алматыдағы Оқушылар сарайында Қазақстан Республикасының Конституциясы күшіне енген күнге орай «Балалар болашақты бейнелейді» атты ашық пленэр өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Шығармашылық шараға №199 мамандандырылған гимназия оқушылары мен Оқушылар сарайының бейнелеу өнері студиясының тәрбиеленушілері қатысты. Жас суретшілер өз жұмыстарында Жаңа Қазақстанның келбетін көрсетуге тырысты.
Балалардың суреттерінде болашақ қалалар, цифрлық инновациялар, мәдени дәстүрлер, отбасы құндылықтары, туған жерге сүйіспеншілік және Конституцияда бекітілген маңызды ұстанымдар көрініс тапты.
Оқушылар сарайының директоры Айгүл Байсымақованың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты, балаларға ел болашағы туралы өз ойын шығармашылық арқылы жеткізуге мүмкіндік беру.

«Балалар туған өлкесін алдағы жылдары қандай күйде көргісі келетінін бейнелеуге тырысты. Қуантатыны, олардың жұмыстарында заманауи әрі дамыған Қазақстан бейнесі отбасылық құндылықпен, дәстүрге құрметпен және туған жерге деген махаббатпен үйлесіп тұр. Суреттерді кәсіби суретшілер мен өнертанушылар бағалайды. Үздік жұмыс авторларына бағалы сыйлықтар беріледі», деді Айгүл Байсымақова.
Ұйымдастырушылар мұндай шығармашылық жобалар өскелең ұрпақтың отансүйгіштік сезімін, азаматтық жауапкершілігін және құқықтық мәдениетін дамытуға ықпал ететінін атап өтті.
Пленэр балаларға жаңа Конституцияның мәнін өнер арқылы түсінуге жол ашты. Өйткені елдің болашағы туралы ой тек ресми мінберде ғана емес, баланың ақ параққа түскен қиялында да көрінеді.
Жас суретшілердің жұмыстары Қазақстанның келешегін жарқын, заманауи, берекелі және ұлттық құндылыққа сүйенген ел ретінде елестететінін көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







