Алматының Бостандық ауданындағы №70 мектепте орналасқан №294 сайлау учаскесінде Құрылтай сайлауы ерекше футболдық көңіл күймен өтті. Дауыс беруге әлемдік футбол жұлдыздары Лионель Месси мен Криштиану Роналдудың образындағы екі азамат келіп, сайлау күнінің ең креативті көріністерінің бірін жасады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Әрине, әйгілі футболшылардың өздері емес. Месси мен Роналдудың росттық костюмдерін киген екі дос футболды және осы спорттың танымал жұлдыздарын ерекше жақсы көретіндерін айтты.
Олар сайлау учаскесіне келуді есте қаларлық сәтке айналдырып, көпшіліктің назарын футболға да аударуды жөн көрген. Дауыс бермес бұрын «Месси» мен «Роналду» мектеп алдында шағын футболдық жаттығу өткізді.
Доппен бірнеше қимыл жасап, бір-бірімен ойнап, учаскеге келген тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Кейін екеуі сайлау учаскесіне кіріп, өз таңдауларын жасады.
Достардың айтуынша, ерекше образ арқылы қоғамдық өмірге қатысу мен сүйікті хоббиді үйлестіруге болатынын көрсеткісі келген. Олар Құрылтай сайлауына қатысуды азаматтық белсенділіктің бір көрінісі деп есептейді.
Футболдық образдағы сайлаушылар басқа тұрғындардың да назарын бірден аударды. Көпшілік олармен суретке түсіп, ерекше бастаманы қызығушылықпен қабылдады.
Нәтижесінде №294 сайлау учаскесіндегі таң дауыс беру рәсімімен ғана емес, футболмен де есте қалды. Алматыдағы сайлау күнінің осындай шағын әрі креативті көріністері азаматтардың маңызды саяси процеске әртүрлі көңіл күймен қатысып жатқанын көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







