Алматыда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай журналистерге 15 пәтер кілті табысталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгін, 27 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан медиа саласының мамандарына баспана кілті салтанатты түрде берілді. Алматыдағы рәсімге Президент кеңесшісі, Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров қатысып, әріптестерін жаңа қонысымен құттықтады.
Биыл Алматы қаласында БАҚ саласының 15 қызметкері пәтер алды. Олардың қатарында «Qazaqstan», «Хабар», «Еуразия», «КТК», «31 арна» телеарналарының, «Қазақ газеттері» ЖШС, «Жас Алаш», «Время», «Қазақ әдебиеті», «Түркістан» басылымдарының және «Шалқар» радиосының қызметкерлері бар.
Іс-шараны «Dara» Президенттік бастамалар қоры ұйымдастырды. Айбек Смадияров өз сөзінде Мемлекет басшысының отандық журналистиканы дамытуға тұрақты көңіл бөліп келе жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен салтанатты жиында аймақ тілшілерінің еңбегін де ескерусіз қалдырмау қажет екенін айтқан. Президент тапсырмасымен биыл алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталып жатыр.

– Алматы қазақ баспасөзінің қарашаңырағы. Көптеген дәстүрлі ақпарат құралдарының тарихы осы шаһардан бастау алады. Мемлекет басшысы Алматы қаласының тыныс-тіршілігін әрқашан назарда ұстап отырады, – деді Айбек Смадияров.
Биыл ел бойынша БАҚ қызметкерлеріне 66 пәтер беріледі. Оның ішінде Астанада 15, Алматыда 15 пәтер табысталды. Қалған 18 аймаққа 2 пәтерден бөлінді.
Баспанаға үміткерлерді анықтау және пәтерлерді дайындау жұмыстары «Dara» Президенттік бастамаларды қолдау қоры, Президенттің Іс басқармасы, жергілікті атқарушы органдар және БАҚ редакцияларымен бірлесіп жүргізілді.
Айта кетейік, кейінгі үш жылда Президент атынан ақпарат саласының 200 қызметкеріне баспана берілген. Биылғы бастама осы жүйелі қолдаудың жалғасы болды.
Журналистерге пәтер беру ақпарат саласының әлеуметтік мәртебесін көтеруге бағытталған нақты қадам саналады. Күн сайын қоғамның мәселесін көтеріп, ел ішіндегі жаңалықты жеткізіп жүрген медиа өкілдері үшін мұндай қолдау кәсіби еңбектің еленгенін көрсетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







