Қытайдың Алтай қаласында өткен «Үлкен Алтай – 2026» халықаралық субөңіраралық ынтымақтастық конференциясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов шетелдік инвесторларды бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды, деп жазады Ertenmedia. kz.
Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында өткен ауқымды жиынға Қазақстанның бірнеше өңірінен бөлек, Қытай, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан өкілдері қатысты. Конференция Үлкен Алтай аумағындағы экономикалық, көлік-логистикалық және туристік ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне арналды.
Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Чэнь Сяоцзян қатысушыларды қарсы алып, өңіраралық байланыстарды нығайтуға және жаңа жобаларды іске асыруға дайын екенін мәлімдеді.
Конференция барысында сөз сөйлеген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Алтай өңірінің төрт мемлекетті байланыстыратын маңызды кеңістікке айналып келе жатқанын атап өтті.
«Алтай Қазақстан, Қытай, Ресей және Моңғолия халықтарын біріктіреді. Бүгінде ол табиғи бай мұра мен ірі инвестициялық жобалар тоғысқан жаңа мүмкіндіктер аймағына айналуда. Біз үшін 2026-2027 жылдары “Біздің ортақ үйіміз – Алтай” халықаралық үйлестіру кеңесіне төрағалық ету үлкен жауапкершілік әрі жаңа серіктестіктерді дамытуға мүмкіндік», – деді облыс әкімі.

Соңғы жылдары өңірде инфрақұрылымдық жобалар қарқынды іске асырылып келеді. 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін Орталық Азиядағы ең ірі көпір пайдалануға берілді. Сонымен қатар үш жыл ішінде 1, 5 мың шақырымнан астам автожол жөнделіп, жаңғыртылды.
Қазір Катонқарағай мен Зайсан аудандарында жаңа әуежайлар салынып жатыр. Ал Қытаймен шекарадағы «Майқапшағай» өткізу бекетінде жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, аталған жобалар қазірдің өзінде нақты нәтиже бере бастаған. Негізгі көлік дәліздері арқылы жүк тасымалдау уақыты бір тәулікке дейін қысқарған.
Конференцияда өңірдің туристік әлеуетіне де ерекше назар аударылды. Облыс басшысы Шығыс Қазақстанның жыл сайын 1 миллионға дейін турист қабылдауға дайын екенін айтты.
Марқакөл, Катонқарағай, Бұқтырма су қоймасы жағалауы және Риддер қаласы маңындағы аумақтар туризмді дамыту үшін ең перспективалы бағыттар ретінде ұсынылды.

Конференция аясында панельдік сессиялар, B2B кездесулер және екіжақты келіссөздер өтуде. Шығыс Қазақстан делегациясының мүшелері шетелдік әріптестермен инвестиция, туризм, көлік және өндіріс салаларындағы жаңа ынтымақтастық бағыттарын талқылап жатыр.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай алаңдар өңірлер арасындағы экономикалық байланысты күшейтіп қана қоймай, Үлкен Алтай кеңістігін халықаралық инвестиция тартатын маңызды аймаққа айналдыруға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







