Қазақстанда қылмыстық және әкімшілік амнистия қатар әзірленіп жатыр. Алдын ала есеп бойынша қылмыстық амнистия шамамен 17 мың адамға әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент Тоқаев бұған дейін азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша қосымша амнистия жасауға болатынын айтқан.
Мемлекет басшысы әкімшілік істер бойынша рақымшылық ел тарихында алғаш рет жүргізілетінін мәлімдеді. Парламент тиісті заңды қазіргі сессия аяқталғанға дейін қабылдауы керек.
Қылмыстық амнистия кімдерге жүреді?
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, жұмыс тобы қылмыстық амнистия бойынша алдын ала тәсілдерді әзірлеген.
Алғашқы кезекте тергеу сатысында жүрген мына адамдар қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін:
- қылмыстық теріс қылық жасағандар;
- онша ауыр емес қылмыс жасағандар;
- залал келтірілмеген орташа ауыр қылмыс жасағандар.
Жазасын өтеп жатқан сотталғандарға да осындай өлшем қолданылады. Яғни қылмыстық теріс қылық, онша ауыр емес және залал келтірілмеген орташа ауыр қылмыс үшін бас бостандығынан айырылғандар түрмеден босатылуы мүмкін.
Соңғы бір жылы қалғандарға да мүмкіндік бар
Ішкі істер тағы бір санатты бөлек қарап жатыр. Жазасын өтеу мерзімінің соңғы бір жылы қалған сотталғандарға да амнистия қолданылуы мүмкін.
Ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша толық босату қарастырылмайды. Мұндай істерде жаза мерзімін қысқарту ұсынылып отыр. Алдын ала нұсқада өтелмеген мерзімнің бестен бір бөлігін қысқарту мәселесі айтылды.
Кімдер амнистияға ілікпейді?
Ішкі істер министрлігі бірнеше санатты бірден шектеп отыр. Амнистия мына қылмыстарға қолданылмайды:
- экстремистік қылмыстар;
- террористік қылмыстар;
- азаптау;
- сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары;
- кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар.
Сырттай сотталған адамдар да амнистияға кірмейді. Теріс мінез-құлық көрсеткіші бар сотталғандарға да жеңілдік бермеу мәселесі қаралып жатыр. Санжар Әділов мұндай жағдайда «бірінші теріс дәреже» есепке алынуы мүмкін екенін айтты.
Әкімшілік амнистияда не қаралады?
Әкімшілік амнистия бойынша бөлек жұмыс жүріп жатыр. Депутат Снежанна Имашеваның айтуынша, әкімшілік айыппұлдарды есептен шығару мәселесі талқылануда.
Қазақстанда әкімшілік айыппұлдың 600-ден астам түрі бар. Қай айыппұлдар амнистияға кіретіні әлі толық бекіген жоқ. Бірақ экологияға, санитарлық қауіпсіздікке, адам өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін құқықбұзушылықтар амнистияға кірмеуі мүмкін.
Имашеваның сөзінше, әкімшілік амнистия бірнеше миллион айыппұлға әсер етуі ықтимал. Бірақ нақты қанша адамға қатысты болатынын айту қиын. Себебі бір адамның өзінде 10 айыппұл болуы мүмкін.
Бастапқыда әйелдер, зейнеткерлер сияқты жекелеген топтарға айыппұлды толық кешіру нұсқасы талқыланған-ды. Қазір басқа тәсіл қаралып жатыр. Депутаттың айтуынша, амнистия айыппұл сомасына толық қолданылуы мүмкін, азаматтарды санатқа бөліп қарамау жағы талқылануда.
70-тен астам оргын қатысып жатыр
Ішкі істердің дерегінше, әкімшілік профилактика жүйесіне 70-тен астам мемлекеттік орган кіреді. Соның 15-і амнистияны өз құзыреті бойынша қолдануға қатысты ұсыныс жолдаған.
Қылмыстық амнистия бойынша негізгі өлшем белгілі болды. Әкімшілік айыппұлдарға қатысты нақты тізім кейін жарияланады. Заң жобалары Парламентке мамыр айының басында енгізіледі деп күтіліп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







