Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Батыс Қазақстан облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасы басшысының бұрынғы міндетін атқарушыға қатысты үкім кесті. Ол Ресейден келетін мыңнан астам жүк көлігін шекарадан ешбір тексерусіз, кедергісіз өткізіп беру үшін 100 миллион теңге пара алғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
1003 фура және 100 миллион теңгелік «жасыл дәліз»
Сотта анықталғандай, сыбайлас жемқорлық схемасы 2025 жылдың қыркүйек және қазан айларында жүзеге асқан. Мемлекеттік кірістер департаментіндегі басқарманың тізгінін ұстаған шенеунік Ресей азаматымен астыртын келісім жасасқан.
Ол Батыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан шекаралық өткізу бекеттері арқылы көрші елден тауар тиеп келе жатқан жүк көліктерінің тоқтаусыз әрі тексерусіз өтуіне жағдай жасауға уәде берген. Жалпы қамқорлығы мен кедендік бақылауға көз жұмғаны үшін шенеунікке 100 миллион теңге пара берілген. Осы заңсыз келісімнің нәтижесінде шекарадан еш кедергісіз тура 1003 ауыр жүк көлігі өтіп кеткен.
Құпия мәліметтерді сату және делдалдың сыбағасы
Экс-шенеунік тек шекарадағы тосқауылдарды ашып қана қоймай, пара берушіге мемлекеттік жүйенің ішкі құпия ақпараттарын да жайып салып отырған. Ол шетелдік кәсіпкерге тиесілі серіктестіктер мен жеке кәсіпкерліктердің арнайы «тәуекелдерді басқару жүйесіне» еніп кеткен-кетпегенін алдын ала тексеріп, салықтық және кедендік шектеулерді қалай айналып өтуге болатыны жөнінде тұрақты нұсқау беріп келген.
Ауқымды параны жеткізумен арнайы делдал айналысқан. Ол қызметі үшін ортадан 24,8 миллион теңге табыс тауыпты. Сот оны да қылмысқа қатысы бар деп танып, парақорлыққа делдал болғаны үшін мүлкін тәркілей отырып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
Антты бұзған шенді және сот үкімі
Сот бұрынғы шенеунікті аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін кінәлі деп таныды. Сотталушылардың кәмелетке толмаған балаларының болуы жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілгенімен, басқарма басшысының мемлекет алдында қабылдаған антын өрескел бұзуы жазаны ауырлататын фактор ретінде бағаланды.
Нәтижесінде экс-салықшы 10 жылға темір торға тоғытылды. Сот үкімімен қос сотталушының да мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазымды орындарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сонымен қатар қылмыстық жолмен табылған 100 миллион теңге толығымен мемлекет пайдасына өндіріліп алынатын болды.
Ertenmedia ракурсы: Қазына күзетшісі ме, әлде пара орталығы ма?
Астанада өткен бұл сот процесі еліміздің шекарасындағы көлеңкелі экономика мен мемлекеттік кірістер органдарындағы жүйелік жемқорлықтың шынайы бет-бейнесін ашып берді. Салық пен кеден саласының басты міндеті – ел қазынасын толтыру, контрабанданың жолын кесу және ішкі нарықты сапасыз тауарлардан қорғау болуы тиіс.
Алайда шекараның қауіпсіздігіне жауапты басқарма басшысының өзі заңды белінен басып, мемлекеттік шекараны жеке кассасына айналдырып алған. Мыңнан астам жүк көлігінің тексерусіз өтуі – мемлекет бюджетіне миллиардтаған теңге салық пен кедендік төлемдердің түспей қалуына әкелді. Қауіпсіздік қызметі осы каналдың кесірінен мемлекетке келген тікелей залалды шамамен 1,9 миллиард теңгеге бағалаған болатын.
Өз елінің экономикалық мүддесін 100 миллион теңгеге шетелдікке сата салған шенеуніктің әрекеті – қарапайым парақорлық қана емес, елдің қаржылық егемендігіне жасалған қастандық.
Шекараны бақылайтын кірістер органдарында ашықтық орнамай, адам факторы мен жабық базалар толық жойылмайынша, контрабандалық тауарлардың ағыны мен парақор шенеуніктердің қылмысы тоқтамайды. БҚО-дағы экс-басшының он жылға сотталуы – мемлекет мүлкін саудаға салған өзге де кеденшілер мен салықшыларға қатаң сабақ болуы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






