Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы туыстары Бекзат және Қайрат Кемеловтерді сотқа берді деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұрынғы шенеуніктің анасы Әлмира Нұрлыбекова Бекзат Кемелованы «миллион долларға жуық ақшаны алаяқтық жолмен алды» деп айыптаса, оның күйеуі Қайрат Кемеловті «жала жапты» деп кінәлап отыр.
Адвокат Ерлан Ғазымжановтың айтуынша, дау Қуандық Бишімбаев ұсталған 2023 жылы басталған. Сол кезде Бекзат Кемелова Бишімбаевтардың үйіне жиі келгіштеп, отбасындағы жағдайды пайдаланып кеткен.
«Кемелова Қуандықтың анасына «Антикорда» істейтін туысымыз бар, сіздердің үйлеріңізде жақында тінту жүргізіледі. Құнды дүниелеріңіз болса бізге беріңіз, кейін қайтарып береміз» деп, 990 мың доллар (506 миллион теңге) ақшаны алған. Алайда, Қуандыққа үкім шыққаннан кейін, ақшаны қайтарудан бас тартқан», – деді адвокат.
Біраз уақыттан кейін Бишімбаевтың ата-анасы ақшасын қайтаруды талап етіп, Бекзат Кемелованың үйіне барғанда, ол жерде басқа туыстары тұрып жатқан болып шыққан. Ал Бекзат Кемелова күйеуімен бірге осы аралықта Астананың сол жағалауынан екі бірдей жаңа пәтер сатып алғаны белгілі болды.
Өз кезегінде Қайрат Кемелов (Бекзаттың күйеуі әрі сот-медициналық сарапшы) «Бишімбаевтардың айыптауы әйелі Бекзаттың марқұм Салтанаттың өлімі бойынша сараптама нәтижесіне ықпал етуден бас тартқаны үшін кек алу» деп мәлімдеп отыр.
Бишімбаевтар бұл сөзді «жала жабу» деп есептеп, Қайратты да сотқа берген.
2024 жылдың 2 қазанында Бишімбаевтар құқық қорғау органдарына арыз түсіріп, қылмыстық іс қозғалған. 2025 жылдың қаңтарында Бекзат Кемелова қамауға алынған, алайда кейін оның бұлтартпау шарасы өзгертіліп, үйқамаққа жіберілген.
Қазір сот процесі жалғасуда. Келесі сот отырысының нақты күні кейінге шегерілді. Бишімбаевтар тарапы өздерінің «ар-намысы мен абыройын қорғау үшін соттасып жатқанын» айтып отыр.