Экологтар 25 желтоқсанда Ақтауда Azerbaijan Airlines (AZAL) ұшағы апатқа ұшыраған жерде жұмыс істеп, оқиға орнынан топырақ сынамаларын алған, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
InAktau.kz мәліметіне сүйенсек, бұл жұмыспен Маңғыстау облысының бейінді ведомствосының өкілдері айналысқан.
«Маңғыстау облысы бойынша Экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары Embraer 190 ұшағы апатқа ұшыраған жерде қоршаған орта қаншалық ластанғанын анықтау мақсатында топырақ сынамаларын алды», — деп жазылған материалда.
Бұл тергеу жүргізу үшін қажет болған. Нәтижелер кейінірек белгілі болады, мемлекеттік орган мәліметінше, ол қосымша хабарланады.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.
Оқиғадан кейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы Azerbaijan Airlines ұшағының апатқа ұшырауына кінәлі адамдарды жазалауды талап етіп, мәлімдеме жасады.
«Қылмыстық істің барлық материалын әзірге ашқым келмейді, алдын ала тергеу, оның нәтижелері маған баяндалды. Бірақ бұл апаттағы Әзербайжан азаматтарының өліміне Ресей Федерациясының өкілдері кінәлі деп сенімді түрде айта аламын. Әділдікті, кінәлілерді жазалауды, толық ашықтықты және адамгершілікті талап етеміз», — делінген Әзербайжан президентінің мәлімдемесінде.