Bereke Bank топ-менеджментке төленген сыйақы көлемін жариялады. Қазақстан қор биржасының сайтында шыққан құжатқа қарағанда, банк басқарушылары 2025 жылы 923,4 млн теңге алған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Bereke Bank айналасындағы қаржы көрсеткіштері кейінгі уақытта жиі назарға ілігуде. 2024 жылы катарлық инвестор қазақстандық банкті 65 млрд теңгеге сатып алған еді. Сол жылғы аудиторлық есептен кейін таза пайданың 44,1 пайызға төмендегені белгілі болды.
Алайда кейінгі есептегі сандар мүлде басқа картинаны көрсетіп тұр. Құжатта Bereke Bank-тің таза табысы 63,1 млрд теңге болғаны жазылған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда бес есе көп көрсеткіш.
Бір жыл ішінде банктің активі 2,8 трлн теңгеге дейін өскен. Капиталы 238 млрд теңгеге жеткен.
Осы қаржылық өсім аясында топ-менеджерлерге төленген сыйақы көлемі де белгілі болды. 2025 жылы банк басқарушыларына 923 439 206 теңге берілген екен.
Bereke Bank 2024 жылдың қазанына дейін мемлекеттік «Бәйтерек» холдингіне тиесілі болған. Кейін холдинг банктің 100 пайыз акциясын катарлық Lesha Bank LLC (Public) компаниясына сатты.
KASE дерегінше, 2026 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша Lesha Bank Bereke Bank-тің жалғыз акционері болып қалды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






