Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны басталып, мерзімді қызметке алынған азаматтарға қатысты несиелік жеңілдіктер күшіне енді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мамыр мен қазан аралығында ел бойынша 21 мыңнан астам адамды мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарланған. Осы кезеңде әскерге кеткен азаматтардың банктік несиесі автоматты түрде уақытша тоқтатылады.
Бұл дегеніміз сарбаз қызметте жүрген уақытта несие төлемін жасамайды, ал банк пайыз, айыппұл және өсімпұл есептемейді. Қаржы сарапшыларының айтуынша, жеңілдік тек қызмет мерзіміне ғана емес, демобилизациядан кейінгі 60 күнге де сақталады. Бұл уақыт азаматтың қаржылық жағдайын қайта қалпына келтіруіне беріледі.
Егер әскерге шақырылғанға дейін несие өндіріп алу кезеңіне өтіп кетсе, онда ол процесс те уақытша тоқтайды. Яғни сот шешімі, нотариустың атқарушылық жазбасы немесе қарызды өтеу келісімі болса да, әскери қызмет кезінде мұндай рәсімдер жүргізілмейді.
Сонымен қатар мерзімді қызметтегі сарбаздарға жаңа несие рәсімдеуге тыйым салынады. Банктер мен микроқаржы ұйымдары клиенттің мәртебесін тексеруге міндетті. Егер азамат әскери қызметте болса, өтінім мақұлданбайды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, бүгінге дейін 36,5 мың әскери қызметші осындай жеңілдікті пайдаланған. Жалпы кейінге шегерілген төлем көлемі 7,7 млрд теңгеге жеткен.
Маман пікірінше, мұндай тәртіп жастарды әскери қызмет кезінде қаржылық қысымнан қорғауға бағытталған. Себебі бұрын несие төлемі кешігіп, айыппұл өсіп, кредиттік тарих бұзылатын жағдай жиі кездесетін.
Дегенмен несие толық кешірілмейді. Ол тек уақытша тоқтатылады. Әскери қызмет аяқталғаннан кейін төлем қайта жалғасады. Сондықтан сарапшылар сарбаздарға қызметтен кейінгі қаржылық жоспарын алдын ала ойластыруға кеңес береді.
Жаңа ереже әскерге шақырылған жастар үшін маңызды әлеуметтік қолдау тетігіне айналып отыр. Енді олар қызмет кезінде қарыз көбейіп кетеді деп алаңдамай, әскери міндетін атқара алады.
Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев әскери міндетін өтеуден жалтарып жүрген жастарды еріксіз көлікке тиеп алып кетуге қатысты пікір білдірді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







